Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев өңірдегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында жастарды қолдау, халықты жұмыспен қамту және отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қаралды.

Ең алдымен вице-министр қаладағы Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты. Сапар барысында орталықтың негізгі қызмет бағыттары, жастарды қолдауға арналған жобалар мен бағдарламалардың іске асырылу барысы таныстырылды. Кездесу кезінде жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік бағдар беру, еріктілер қозғалысын дамыту және жастар бастамаларын қолдау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, орталықтың жұмысымен танысып, жастарға көрсетілетін қолдау шараларын жетілдіру бағыттарына назар аударды.

Бахтияр Жазықпаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

Біріншіден осы өңірде на полях деп жатырмыз қандай мәселелер бар, қалай шешіп, жұмыс істеуге болады, не,сін жақсарту керек, қай жұмысты әсіресе қай жұмысты қолдаймыз қайсын арттыру керек деген сияқты осындай сұрақтарды талқыладық. 

Облыста жұмыспен қамту бағдарламаларының орындалу барысы да талқыланды. Биыл өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 мың 440 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Оның 13 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Бүгінде жоспарланған жұмыс орындарының 6 мың 44-і ашылып, көрсеткіштің 35 пайызы орындалды. Оның ішінде 3 мың 922-сі тұрақты, 2 мың 122-сі уақытша жұмыс орындары. Жиында жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар таныстырылды. Бос жұмыс орындарына 2 мың 130 азамат орналастырылса, субсидияланатын жұмыс орындары мен гранттар бағыты бойынша жоспарланған 3 мың 505 орынның 2 мың 93-і жүзеге асқан. Жыл соңына дейін өңірлік жұмыспен қамту картасында белгіленген көрсеткіштерді орындау бағытындағы жұмыстар жалғасады. Бұдан бөлек, ерте жастан еңбекке араласатын жастардың құқықтарын қорғау мақсатында олармен еңбек шартын рәсімдеу, заң талаптарын сақтау және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру мәселелеріне көңіл бөлінуде.

Бақытбек Қизатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министірлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы:

Жастар қай кезден бастап жұмысқа шығу керек?14 жастан мектеп оқушылары, оқудан бос кеғзінде еңбек шарты жасалу керек. Еңьек шартын жасаған кезде ата-анасы немесе қамқоршысы, өкілі міндетті түрде болу керек. 15 жастан заң бойынша жұмысқа орналасуға еңбек шарттары бар. 

Сапар барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев «Жанұя» отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты. Мобильді топтардың жұмысы отбасыларға дер кезінде қолдау көрсетуге бағытталған. Қызметі басталғалы бері қиын өмірлік жағдайға тап болған 602 отбасы анықталған. Оның ішінде 2024 жылы – 324, 2025 жылы – 218, ал 2026 жылдың басынан бері 60 отбасы тіркелді. Бүгінде орталықтың 11 аудан мен 2 қалада бөлімшелері жұмыс істейді. Мұнда психологтер, заңгерлер және әлеуметтік жұмыс мамандары қызмет атқарады. Орталық отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға көмек көрсету бағытында да тұрақты жұмыс жүргізуде. 2025 жылы 21 отбасы, оның ішінде 21 әйел мен 33 бала, ал 2026 жылдың басынан бері 16 отбасы көмекке жүгінген.

Маруа Гайсина, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры:

Біз қазіргі қолданыстағы мобильдік қосымша ісі бойынша ұсыныстар айттық. Ол жаңадан енгізіліп жатқан цифрлық база болғандықтан өзіміздің қолданысқа ыңғайлы ұсыныстар болған. Оның ішінде 111 каналы бар. 

Вице-министр сапары барысында қаладағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен де танысты. Бүгінде орталық аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, денсаулығын нығайтуға және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беріп отыр.

Кезекті жұмыс сапары аясында Бахтияр Базарбайұлы Ұлан ауданының мансап орталығына табан тіреді. Онда орталықтың жұмысымен танысып, халықты жұмыспен қамту, бос жұмыс орындары, жастарға кәсіби бағдар беру және еңбек мобильділігін арттыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап отыр.

Әділбек Сыдықов, Ұлан ауданының мансап орталығының директоры:

Биыл жыл басынан бастап 204 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Субсидияланатын жұмыс орындарының негізгі 244 адам, оның бүгінде 163-і орындалды. Енді жыл көлемінде ары қарай өз жалғасын табады. 

Ұлан ауданында жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда NEET санатындағы 27 жас тіркелген. Оларды еңбек нарығына тарту мақсатында «Жастар тәжірибесі» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда.Салаға жауаптылардың айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері диплом алғаннан кейін мансап орталығына жүгініп, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтай алады. Бүгінде ауданда 82 бос жұмыс орны ұсынылған, жалпы жиыны 279 жұмыс орны қолжетімді. Еңбек нарығында тракторшыларға, өндіріс қызметкерлеріне және білім беру саласының мамандарына сұраныс жоғары. Сондай-ақ аудандағы құс фабрикасында да жұмыс күшіне қажеттілік сақталып отыр. Қазіргі уақытта жастарды тұрақты жұмыспен қамту және олардың кәсіби әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Аяулым Усинова