Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Мұнда ондаған әлеуметтік нысан мен тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмақ. Қазіргі уақытта жер қазу және монтаждау жұмыстары жүргізіліп, арнайы техника мен жұмысшы бригадалары жұмылдырылған. Мердігерлердің айтуынша, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес атқарылып жатыр.

Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 800 млн. ал облыстық бюджеттен шамамен 335 млн. теңге бөлінді. Болашақ жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен тоғыз шақырымды құрайды. Ақжар тұрғындары үшін бұл шын мәнінде тарихи оқиға, өйткені ауылда орталықтандырылған жылу жүйесі алғаш рет іске қосылмақ. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар жылу камераларын жабдықтау жұмыстары қатар атқарылып жатыр, олардың алтауы толықтай бетонмен құйылып бітті.Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, бүгінгі күні нысан барлық қажетті материалдармен және техникамен толық қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде.

Арман Қалиев, «QorFundament» ЖШС директоры:

Осы аптаның соңынан бастап Ақжар өңіріне қарай кіреміз. Бұл жерде 8900м жүріледі 9 км, соның ішінде 15 тұрғын үй 27 лауазымды мекеме жылу жүйесімен қамтамасыз етіледі. Айта кететініміз биылша енді 80 пайызын аяқтаймызба деп отырмыз, негізгі жоспарда 2027 жылы толығымен аяқтаймызба деп отырмыз. 

Осы уақытқа дейін ауылдағы нысандардың басым бөлігі автономды түрде жылытылып келген. Сондықтан орталықтандырылған жылу жүйесінің іске қосылуын тұрғындар көптен күткен маңызды қадам деп бағалап отыр. Жаңа жүйе әлеуметтік мекемелердің тұрақты жұмыс істеуіне анағұрлым сенімді жағдай жасап, жылыту маусымында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Мұрат Нұрсадықов, Ақжар ауылының тұрғыны:

Көктемнен бастап жылу жүйесін тартып жатырмыз, үкіметтің қолдауымен өзім сонда жұмыс жасаймын халыққа жасалып жатқан жағдай бәріміз өзіміз қуаныштымын, жақсылықпен басталған іс жақсылық пен бітсе екен деп ойлаймыз. 

Сонымен қатар Ақжар ауылында жаңа тұрғын үй кварталдарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлер орналасқан «Мектеп» шағын ауданында жаңа балалар ойын алаңы мен заманауи футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл тартуды ауыл тұрғындарына М.Әуезов атындағы Ақжар мектеп-интернат-колледжінің 1986 жылғы түлектері оқу орнын тәмамдағандарының 40 жылдығына орай сыйлаған. Ал бұл игі бастаманы аудандық және ауылдық әкімдіктер қолдады. Ортақ күш-жігердің арқасында тұрғындардың демалысы мен спортпен шұғылдануына арналған жайлы әрі қауіпсіз кеңістік жасалды.

Мадияр Баймолдинов, Ақжар ауылының тұрғыны:

Аудан әкімшілігінің көмегімен ауыл әкімінің көмегіміен 69 жылғы түлектер балаларға мына ойынхана салғанбыз. Ойынханамыздың міне ашылуы беріліп, балалар ойнап жатыр. Жаңадан салынған аудан бұл жерде балалардың бәрі жас, сондықтан бұндай дүние бұл жерге қажет болатын. 86 жылғы бітірген түлектердің көмегі көп болды. Солардың арқасында осындай іс-шарға белсене қатысып, халқымыздың жасөспірмдеріне деп жасаған тірлігімізғой. 

Ақжар ауылында кезең-кезеңімен жайлы әрі заманауи өмір сүруге қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Ауқымды жылу желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанымен қатар, мұнда демалыс пен спортқа арналған жаңа нысандар да бой көтеруде. Мұның бәрі ауылдың тұрақты түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. 

Нұрдәулет Қалибеков