Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, биыл аймақта 10 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Оқу-ағарту министрлігі бекіткен кестеге сай, біздің өңірде бірінші сыныпқа құжат қабылдау 10 маусымда басталды. Өтінішті қалай беруге болады, қандай құжаттар қажет? Тілші анықтап көрді. 

Өңірде барлығы 347 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 151-і қазақ, 101-і орыс тілінде, ал 95-і аралас тілде білім береді. Облыстық білім басқармасы өкілдерінің мәліметінше, биыл қазақ сыныптарына 5 400 баланы, ал орыс сыныптарына 4 629 баланы қабылдау жоспарланған.

Бұлбұл Қозыбаева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Микроучасток бұл әрбір мектепте өзінің белгіленген, бекітілген микроучастоктары бар. Ол дегеніміз мектептің маңайында тұратын балалар. Мектеп маңайында тұратын балаларға біріншіден қолжетімді білім қамтамасыз ету, екіншіден ол микроучастокқа жатпайтын балаларда мектепке өтініш бере алады. Бірақта оқу ағарту министірлігінің 564-ші бұйрығы бойынша балалар бірінші кезекте 3+1 принціп бойынша қабылданады. Бұл дегеніміз үш бала микроучастоктан қабылданса, бір бала микроучастокқа жатпайтын бала қабылдана алады. Егер мектепте бос орын болған жағдайда. 

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау науқаны 31 тамызға дейін жалғасады. Алғашқы күннің өзінде-ақ облыс бойынша 2 196 бала тіркеліп үлгерді. Мамандар ата-аналарға құжаттарды алдын ала әзірлеп, электронды өтініш беруді соңғы күнге қалдырмай, ертерек жолдауға кеңес береді.

Ертай Арнапасов, А.Байтұрсынов атындағы №20 мектеп директоры:

Биылғы жылы OQU платформасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұл дегеніміз ата-ана қай жерден болсын, үйінен болсын, халыққа қызмет көрсету орталығынан болсын тіркеуге өтініш бере алады. Өтінішке өзінің жеке мәліметтерінің барлығы көрсетіледі платформа арқылы. Жүктейтін баланың ¾ фотосын жүктейді, 052 денсаулық паспортын, 065 нысандағы паспортты жүктейді денсаулық туралы, содан кейін өзінің электронды кілті арқылы қол қойып, бізге өтініш жібереді. 

Айта кетейік, ата-аналарға ыңғайлы болу үшін мектептерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Ондағы мамандар өтініш беру барысында кез келген көмекті көрсетуге әзір. Ол үшін тек қажетті құжаттарды түгендеп, ең жақын орналасқан білім ошағына бару жеткілікті.

Кәусар Идаятқызы