Риддер қаласының 240 жылдық мерейтойы аясында «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға ғалымдар, профессорлар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты. Жиналғандар қала тарихы мен дамуы, мәдени мұрасы жайында сөз қозғап, ғылыми баяндамаларын ұсынды. 

Шараға елдің әр өңірінен келген қонақтар, ғылыми қауымдастық өкілдері, архив мекемелерінің мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары қатысты. Конференция барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, туған өлкенің тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы маңызды міндеттерді талқылады.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі: 

Қазақстанның қалыптасу тарихы кенді Алтай өңірімен тығыз байланыста. Бұл өлке табиғи байлығымен ғана емес, ежелгі дәуірлерден бастау алған тарихи және мәдени мұрасымен ерекшеленеді. 

Конференция барысында Риддер қалалық тарихи-өлкетану музейінің маманы сөз сөйлеп, өңірдің бай тарихи мұрасы туралы баяндама жасады. Ол туған өлкенің шежіресіне тоқталып, аймақтың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар мен өңір тарихындағы маңызды оқиғаларды атап өтті. 

Эльмира Есімбаева, Риддер тарихи-өлкетану музейінің тарих маманы: 

Мұндай ғылыми конференциялар қаламыз үшін аса маңызды. Өйткені ұзақ жылдар бойы Риддерде белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен профессорлар қатысатын ауқымды ғылыми басқосулар өткізілген жоқ. Риддер тарихы тек 1786 жылдан басталмайды. Оның тамыры сақ тайпалары дәуірінде жатыр. Бұған өңір аумағынан табылған сақ-скиф кезеңіне жататын семсер мен көптеген археологиялық жәдігерлер дәлел. Бұл құнды олжалар осы жерде қола және темір дәуірлерінде тіршілік болғанын, сондай-ақ ежелгі кеншілердің біздің дәуірімізге дейінгі IV–V ғасырлардың өзінде кен өндіріп, металды балқытып, өңдеумен айналысқанын көрсетеді.

Музей қызметкерінің айтуынша өңір аумағында осы уақытқа дейін ресми археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Қордағы бірқатар құнды жәдігерлер тұрғындар тарапынан табылған. Бұдан бөлек, ғылыми конференцияға келушілер үшін арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда өлке тарихына қатысты кітаптар, архивтік құжаттар мен тарихи деректер қойылған. 

Гүлбарам Көккөзова, Риддер қ. Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы: 

Бұл жерде тілдер орталығы өз бағдарламасымен жұмыс істейді. Ересектерге арналған бағдарлама бойынша. Алдарыңызда оқулықтары, әдістемелік-нұсқаулықтар бар. Әртүрлі сөздіктер тіл үйренушілерге сабақ кезінде қолданатын сабақтан тыс кезде қолданатын әдістемелік құралдар, сөздіктер.

Аталған конференция Риддер тарихының тереңде жатқанын тағы бір мәрте айқындады. 

 Гүлдана Айдарқызы