Өскеменде жаттықтырушы Мұрат Есембаевты еске алуға арналған волейболдан 2014-2016 жылы туған жасөспірімдер арасында Шығыс Қазақстан облысы балалар лигасының жазғы ашық чемпионаты өтуде. Дәстүрлі додаға республиканың түкпір – түкпірінен спортшылар жиналып, өзара кіл мықтыны анықтады.
Мұрат Есембаев қырық жылдан астам уақытын өңір спортына арнап, талай дарынды волейболшыны тәрбиеледі. Оның шәкірттері арасында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаған азаматтар да бар. Сондай-ақ, бапкердің бастамасымен облыста алғашқы кәсіби «Шығыс» волейбол клубы құрылып, өңір волейболының дамуына жол ашылған. Бүгінде оның есімі спорт әлемінде үлкен құрметке ие.
Бауыржан Қази – «Berel» волейбол клубының директоры:
Бұл – дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін облыстық турнир. Жарысты өңірдегі мемлекеттік волейбол клубының негізін қалаушылардың бірі, волейбол жанашыры Мұрат Қазиұлы Есембаевты еске алуға арнаймыз. Ол Шығыс Қазақстандағы ғана емес, тұтас еліміздегі волейболдың дамуына зор үлес қосқан азамат. Сондықтан оның есімін ұлықтап, жас спортшыларға өнеге ретінде насихаттау – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Бапкерлердің пікірінше, мұндай деңгейдегі жарыстар жас спортшылар үшін үлкен мектеп. Себебі олар тек ойын шеберлігін жетілдіріп қана қоймай, нағыз тартысты бәсекеде шыңдалады. Осындай турнирлер жас волейболшыларға тәжірибе жинап, болашақ спорттық жолында маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді.
Ералы Қожанжаров, Өскемен қ. жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы:
Команданың әлеуеті жоғары, балалардың ойын өрнегі көңілімнен шықты. Олар волейболмен айналысып жүргеніне небәрі бір жыл болғандықтан, әзірге үлкен міндет жүктемейміз. Дегенмен осы жарыстан кейін республикалық турнирге жол тартамыз. Командамыздан алты ойыншы шақырту алды. Бұл – бапкер ретінде біз үшін үлкен жетістік. Бүгін де балалар жақсы ойын көрсетіп, өз мүмкіндіктерін дәлелдей білді. Кездесу тартысты өтіп, нәтижесі де көңіл қуантты.
Алаңға шыққан сәтте жас волейболшылар үшін толқу сезімі екінші орынға сырылатыны сөзсіз. Басты мақсат – мықты қарсыластармен тең дәрежеде ойнау.
Макар Мельников, жарысқа қатысушы (Павлодар облысы):
Өткен жылы да осы чемпионатқа қатысқанбыз. Мұнда оқу-жаттығу жиындары мен республикалық жарыстар да өткен. Сондықтан бұл жерде өзімді жақсы сезінемін.
Давид Власов, жарысқа қатысушы (Өскемен қ.):
Волейболмен айналысып жүргеніме бір жыл да болған жоқ, қыркүйектен бастадым. Бұл спорт қатты ұнайды, «Өскемен» командасында ойнаймын. Турнир жақсы өтіп жатыр, алғашқы ойында жеңіске жеттік.
Бұл турнир жас волейболшылар үшін тәжірибе алаңына айналды. Қатысушылар бірнеше күн бойы өзара мықтыны анықтап, шеберліктерін шыңдайды. Осындай жарыстар жас спортшылардың әлеуетін арттырып, үлкен спортқа жол ашатын маңызды кезең.
Нұртас Қайролдаев