Өңірде интернет алаяқтық деректері азаймай тұр. Биылғы жылдың алғашқы үш айының қорытындысы бойынша киберқылмыстың осы түріне қатысты 200-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Мамандардың айтуынша, алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін үнемі жетілдіріп келеді. Олар жалған хабарламалар мен қоңыраулар арқылы адамдардың сеніміне кіріп, жаңа жолдарын қолдануда.
Киберқылмыстарды болдырмау үшін былтыр ҚР Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес Полиция департаментінің құрылымында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылды. Жаңа бөлімшенің ашылуы интернет кеңістігінде жасалатын құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, олардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Бүгінде басқармада жеті қызметкер еңбек етеді. Оның екеуі басшылық құрамда болса, қалған бес қызметкер жедел уәкіл ретінде жұмыс атқарады. Мамандар интернет алаяқтық деректерін анықтау, қылмыскерлерді іздестіру, олардың әрекет ету схемаларын зерттеу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Қазір күннен-күнге кибералаяқтар тіркелгендіктен оның сан алуан түрлері бар. Анализ, зерттеу барысында ең бастысы біздің адамдарға кибералаяқтар өзінің полиция қызметкерлері, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп қоңырау шалып таныстырады немесе банк қызметкерлері деп таныстырады. Адамдарға осылай несиелер рәсімдейді. Депозитте сақталып жатқан ақшаларды ұрлайды.
Алаяқтық фактілері бойынша құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырады. Мұндай жағдайға тап болған сәтте ең алдымен 102 нөміріне дереу қоңырау шалу қажет.
Ақбота Бауыржанқызы, Өскемен қ. ПБ Криминалды полиция бөлімшесі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі:
Азаматтарға негізгі сақтық шараларын еске салғым келеді. Ол ешқашан өзіңіздің деректеріңізді, смс кодтарды ешкімге айтпаңыздар. Күмәнді сілтемелерге ешқашан өтпеңіздер. Барлық операцияларды тек банктерге хабарласу арқылы 102-ге хабарласу арқылы анықтап біліп барып жасаңыздар. Және жедел аударыңыз, қазір, срочно шешу керек деген қысым алаяқтардың басты құралы болып табылады. Оған көнбеуіңіз керек, және бан картаңызды бөгде адамдарға бермеңіздер.
Сала мамандары жеке мәліметтерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау интернет алаяқтықтың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы екендігін ескертеді.
Аяулым Усинова