Марқакөл ауданында «Жасыл ел» жасақтарының облыстық XXII еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті. Экологиялық бастамаға өңірдің түкпір-түкпірінен келген жастар қатысты. Салтанатты шара барысында қатысушылар қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосып, ағаш көшеттерін отырғызды.
Облыстық «Жасыл ел» еңбек маусымының Марқакөл ауданында ашылуы ерекше маңызға ие. Себебі, биыл Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 50 жыл толды. Жарты ғасырдан бері қорық осы өңірдің табиғи байлығын, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтауға үлкен үлес қосып келеді. Осыған орай ұйымдастырылған шара жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және еңбек арқылы азаматтық белсенділікті дамытуға бағытталды.
Айдос Әділбеков, облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Бұл облыстық деңгейде барлық қала аудандардан жасыл ел жасақтарының белсенді қатысушылары қатысып отыр. Биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасымен Жасыл елдегі жастар санын 1500 ға дейін арттырып отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз ауылдағы жастарды еңбек идеологиясына тәрбиелеу. Осындай жұмыстарды күшейтудеміз.
Мәселен, жазғы маусым барысында «JASYL EL» жасақтарының мүшелері қорық аумағындағы экологиялық жұмыстарға, атап айтқанда орман қорын қалпына келтіру, аумақтарды тазарту және табиғатты қорғау бағытындағы шараларға қатысады.
Әли Айжарықов, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:
Жасыл ел еңбек жасағында биыл бірінші рет. Туған жерге туыңды тік мақсатында елге жерге өз үлесімді қосу мақсатында жасыл ел еңбек жасағынык құрамындамын. Осы құрамға кіруді жөн санадым. Жалпы өзіме ұнап жатыр. Ашылуының өзі жоғары деңгейде өтті. Бүгін міне қонақтармер көшет отырғыздық. Үлкер әсер қалдырды.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөлінеді. Мәселен, 14 жасқа толған оқушылар өз мектептерінің маңында жұмыс істейді. Одан бөлек саябақтар мен ағаштарға күтім жасап, арамшөптерін тазалайды.
Аружан Бақытханқызы, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:
Жалпы мен Жасыл ел жасағына кіргеніме биыл 1 ші жыл. Жалпы ашылуының өзі өте жақсы деңгейде өтті. Келесі жылы да ары қарай дамыса келесі жылы да қатысамын.
Ауқымды шараға облыстың қала-аудандарынан келген жастар қатысып, биылғы маусымға білек сыбана кірісеміз, - дейді.
Тасқын Мажитов, Тарбағатай ауданы «Жастар» ресурстық орталығының директоры:
Ашылу салтанатына арнайы Тарбағатай ауданынан келіп қатысып жатырмыз. Биылғы таңда ауданда жасыл елдің жасағы 70 ке ұлғайып отыр. Жылдан жылға президенттің қолдауымен жасыл ел жасақтары артып келе жатыр. Ол Таза Қазақстанға қосатын жастардың үлесін арттырып жатыр. Яғни осы жасақта жастар жұмыс жасай отырып еңбекке баулынады, екіншіден тазалықты сақтап өз үлестерін қосатын болады.
Жоба мектеп оқушыларына, студенттерге және жұмыссыз жастарға маусымдық жұмыс ұсынады. Бағдармала 14-35 жас аралығындағы топты қамтиды. Жастар еңбек ете жүріп, табыс табады.
Назерке Жанатова, Марқакөл ауданы «Жастар» ресурстық орталығының директоры:
Марқакөл ауданы жаңадан ашылған ауданбыз. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Облыстық деңгейде шараның ашылуы салтанаты бізде өтіп жатыр. Бұл біріншіден біздің жас мамандарды біз жаққа тарту жігерлендіру. Біз жақтың табиғатын көрсету туризмді дамыту. Былтыр енді жасыл бағдарламасы бойынша 40 оқушы болған биыл біз 100 адамға көтерілдік.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру - мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан жасақтың қатарындағылар экологияны жақсартуға, еңбекке араласуға мүмкіндік алды.
Бекарыс Секен