Гонконгта 20 жасқа дейінгі жастар арасында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Қазақстан құрамасы ел қоржынына жеті медаль салды. Жүлдегерлер қатарында облыс спортшылары да бар. Олар бағдарламаның ең күрделі түрлерінде жүлделі орындарға ие болып, халықаралық деңгейдегі беделді жарыста еліміздің намысын абыроймен қорғады.

Өскеменде жас спортшыларды туған-туыстары, әріптестері мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. Гонконгтағы жарыс тартысқа толы болды. Спортшылар бар күштерін салып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты.

Асқар Өмірзақ, жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлде иегері (U20):

Шынымды айтсам, өте қиын болды. Климаттың ерекшелігі қолайсыздық туғызды. Мен оған көлеңкеде салқындап немесе су ішіп төтеп беруге тырыстым. Бірақ ауа райынан қашып құтыла алмайсың, оған жай ғана бейімделу қажет болды. Сондықтан қолымнан келгенше үйренісіп, жағдайға бейімделдім.

Жаттықтырушылардың айтуынша, халықаралық жарыстарға дайындық барысында спортшының тек физикалық дайындығы ғана емес, психологиялық тұрғыдан төзімділігі де маңызды рөл атқарады.

Тамара Бучацкая, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:

Нәтиженің 30–40% ол психология. Мысалы, сол Асқар Өмірзақ деген жігіт жарыстан кейін маған «бізді осылай дайындағаныңыз үшін алғысым шексіз деп өз рахметін айтты.

Бұл жеңіс жас спортшылардың мансабындағы маңызды қадам болды. Енді спортшылар халықаралық деңгейдегі додаларға дайындықты бастайды.

Салтанат Кеңесбекқызы