Күршім ауданында кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды. Бүгінде мұнда кәсіп ашып өз ісін дөңгелетіп отырған азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Мұның барлығы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған шаралардың бір парасы. Аудан тынысы туралы сюжеттен көрелік.
Жыл өткен сайын табиғи және экологиялық өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Кәсіпкер - Аманбек Дамысбек осы бағыттағы істі қолға алғанына бір жылдан асты. Ол бір жыл бұрын бір жарым миллион теңге көлемінде грант ұтып алған. Қазір оның бұйымдары аудан және облыс тұрғындары арасында барған сайын танымал бола түсуде. Аманбек Дамысбек үш жыл бұрын отбасымен бірге Күршім ауылына көшіп келген. Кәсіпкер жиһаз және түрлі интерьер бұйымдарын жасайтын шеберхана ұйымдастырған.
Аманбек Дамысбек, кәсіпкер:
Өзім көбінде қазіргі заманда телефон дамыды ғой, телефоннан халықтың заказына байланысты идеяларымды қоямын. Осылай болады, осылай ағаштан шығады деген сияқты.
Аудандағы шағын бизнестің тағы бір бағыты — кондитерлік іс. Айгүл Ерланқызы тәтті бәліштер мен нан өнімдерін өндірумен айналысады.
Айгүл Ерланқызы, кәсіпкер:
Өнімдерді аса қатты көп қылып та жасамаймын. Сапаға қарай жасаймын, қайсысына көбірек сұраныс соған жасаймын.
Ауданның дамуы тек кәсіпкерлікті ғана емес, әлеуметтік саланы да қамтиды. Күршім ауданының Жастар ресурстық орталығы жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өзінің материалдық-техникалық базасын жаңартты. Мекемеде тегін Wi-Fi аймағы жасалып, бильярд бөлмесі, конференц-зал жабдықталды, сондай-ақ жұмыс бөлмелері толықтай жаңартылды.
Армен Карапетян, Күршім ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры:
Бұған қоса, Күршім ауданы әкімдігінің қолдауымен жөндеуден кейін біздің ғимараттың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды, яғни компьютерлер, үстелдер, орындықтар — барлығы жаңа жиһаз және техника сатып алынды.
Жаңарту жұмыстары өзге де мемлекеттік мекеме ғимараттарында қамтыды. Күрделі жөндеу жұмыстары кестеге сай аяқталды. Бүгінде мұнда қызметкерлердің өз жұмыстарын сапалы орындауға барлық жағдай жасалған.
Жігер Кұмарбеков, Күршім, Самар және Марқакөл аудандарының біріктірілген қорғаныс істері бөлімі бастығының орынбасары:
Қызметтік кабинеттер және өзіміздің күнделікті жүрген мекемеміздің ішіне өте қолайлы жағдай істеп берді. Жасап берді.
Білім беру және спорт саласында да елеулі өзгерістер орын алды. Инфрақұрылымды жаңғырту аясында ауданның негізгі мекемелерінің біріне күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлініп, соның нәтижесінде ғимарат толықтай жаңартылып, жұмыс істеу жағдайлары жақсартылды.
Ерназ Сырымбаев, Күршім ауданының көпсалалы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Былтырғы жылы бұған 132 млн ақша бөлініп, үкіметтен толық кап ремонттан өтілді. Кап ремонт ішіне терезе, есік, полы, паровойы түгел кірді. Түгел ұтып алған компания бастан-аяқ істеп өткізіп кетті.
Мұндай өзгерістер көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етіп, жалпы ауданның одан әрі дамуына жағдай жасайды.
Аяулым Усинова