Катонқарағай ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа әлеуметтік нысан зейнеткерлік жастағы азаматтардың өмір сапасын арттырып, әрі салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Шараға аудан әкімі, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, сондай-ақ қоғам өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты. Қазыналы қарттар ғимараттың халық игілігне берілгеніне өз ризашылықтарын білдіріп, осында келу бос уақыттарын тиімді өткізудің тамаша жолы екенін айтты.
Төленді Мерғазин, Катонқарағай аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы:
Осындай мемлекет тарапынан бізге көңіл бөліп жатқан облыс әкіміне, президентімізге, үлкен кісілерге көрсетіп жатқан әрекеті жалғаса береді деп сенеміз. Әрқашан біз өзіміздің күшімізді ауданның дамуына творчестволық салада болмасын қызмет етуге дайынбыз.
Орталықтың мақсаты – аға буын өкілдерінің физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтып, олардың қоғамдық, шығармашылық, спорттық және зияткерлік өмірге белсенді араласуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, бұл нысан тек спорттық бағытта ғана емес, әсіресе ойлау қабілетті дамытып, келушілердің ой сергітуіне де ерекше көңіл бөлінген.
Аталған кешен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты. Жобаның жүзеге асуына Катонқарағай ауданындағы «Тұрақты даму қоры» қоғамдық қоры демеушілік көрсетті. Қордың қолдауымен ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Жобаны іске асыруға шамамен 7 миллион теңге жұмсалған.
Олжас Шәріпбеков, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры директоры:
Біз «Айтас » Қоғам және биліктегі жолдастарды біріктірудеміз, себебі бірлесіп қана, бірігіп қана жарқын болашаққа жетуге болады деп сенеміз. Бүгінгі біздің жобамыз ашылып отырған осы айтып отырған қоғамдықтықтарының бірлескенінің нәтижесі ол Қатонқарағай ауданындағы белсенді өмір сүру орталығының ашылуы. Осы орталық біздің ардагерлерімізге, ақсақалдарымызға, аға-бауырлық өкілдеріміздің өмірін жақсартады деп сенеміз. Себебі ауылдағы, ауылдың ұйытқысы болып жатқан, ауылдың қазынасы болып жатқан біздің ақсақалдарымыз.
Ғимараттың ашылуында аудан әкімі де барша ауыл қарияларына өз алғысын білдіріп, қолданысқа берілген ғимараттың келушілер үшін пайдалы жақтары көп екенін айтты. Мұндағы орналасқан әр заманауи құрал, заман талабына сай жабдықталғанын да хабарлады.
Данияр Дюсембаев, Катонқарағай ауданының әкімі:
Бүгінгі таңда осы орталық өз қызметін атқарып жатыр. Жалпы өздеріңіз білесіздер, Қатонқарағайдың өзінде бұқаралық спортты дамыту бойынша өте үлкен шаралар өткізіліп жатыр. Былтырғы жылы аудан жеке бөлінгеннен кейін Қатонқарағайдың өзінде ардагерлер кеңесі, ақсақалдар алқасы, аналар кеңесі жұмысын атқарып жатыр. Бүгінгі таңда біз өзіміздің алдымыздағы ағаларымыздың келешекте салауатты өмір сүрумен айналысуға осындай шаралар жасап, жағдай жасап жатқан жайымыз бар.
Жаңа орталықтың ашылуы аудан ардагерлерінің белсенді өмір сүруіне, бос уақытын тиімді өткізуіне және қоғам өміріне белсене араласуына жаңа мүмкіндік бермек.
Нұрдәулет Қалибеков