Риддерде қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жылу энергетикасы нысандарын жаңғырту, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және жаңа білім беру мекемелерін салу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Осы бастамалардың орындалу барысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддерге жұмыс сапары барысында танысты.
Соңғы үш жылда Риддер ЖЭО-да ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 75,4 пайыздан 45,7 пайызға дейін төмендеді. Қазір 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында станциядағы негізгі нысандарды жөндеу жалғасуда. Республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен №5 және №6 жоғары қысымды қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Бекітілген кестеге сәйкес, №5 қазандықтағы жұмыстар 31 тамызға дейін, ал №6 қазандықтағы жөндеу 30 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, қаладағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Кирилл Голота, «Шығыс Жылу» АҚ Риддер қ. филиалының директоры:
Биыл екі қазандық агрегаты мен жылу желілерінің 12 учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар қажетті жұмыс күшін жұмылдырып, құрылыс материалдарын сатып алды. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары мен материалдарды жеткізу кестесі әзірленген. Қазір станция тұрғындарды ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ, бекітілген жөндеу кестесіне сәйкес, 1 шілде мен 25 шілде аралығында ыстық су беру тоқтатылады. Барлық жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Әзірге кестеден ауытқу жоқ.
Бұдан кейін аймақ басшысы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Тәуелсіздік даңғылында болды. Жоба – қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи әрі жайлы алаң болады деп жоспарлануда. Барлық жұмыстар биыл қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта жобаның шамамен 75 пайызы орындалды. Мұнда жаңа жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдар салынып, жарықтандыру жүйесі жаңартылуда. Бастама аясында электр желілері тартылып, сәулеттік нысандар орнатылатын демалыс аймақтарын салу көзделген. Нысанға 24 жұмысшы мен 5 арнайы техника жұмылдырылды. Облыс әкімі жаңғырту жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтіп, көше бойындағы ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіруді тапсырды.
Жұмыс сапарының келесі нысаны – 600 орындық қазақ тілінде білім беретін мектеп құрылысы болды. Білім ордасы қаланың 5-шағын ауданында бой көтеруде. Құрылыс жұмыстарын «ЭЛХОН» ЖШС жүргізіп жатыр. Мектеп ғимаратының жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Заманауи талаптарға сай салынатын білім мекемесі үш функционалдық блоктан тұрады. Мұнда оқу кабинеттерінен бөлек, шеберханалар, кітапхана, ресурстық орталық, әкімшілік бөлмелер және бастауыш сыныптарға арналған жеке блок қарастырылған. Жоба аясында балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінетін болады. Мектепте үлкен және кіші спорт зал, 135 орындық акт залы, асхана, медициналық блок, психолог пен логопед кабинеттері жұмыс істейді. Ал, мектеп аумағында футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, ұзындығы 250 метр болатын жүгіру жолағы, әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын және демалыс аймақтары салынады.
Фатима Тілейханқызы