Риддер қаласының 240 жылдық мерейтойына орай ІІ ұлттық «Ата-мұра» ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды шара аясында «Толағай» алыптар сайысы өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен қала қонақтары бір алаңға тоғысты. Ұлттық ойындардың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Ата-мұра» ұлттық ойындарының мақсаты – қазақ халқының төл спорт түрлерін дәріптеп, жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыру. Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев бұл шараның алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтіп, қала тұрғындарын мерейтоймен құттықтады.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
Түрлі-түрлі эстрада жұлдыздары шақырылған. Осы 240 жылдығын биыл 2 күн тойлап жатырмыз. Қала тұрғындарын өз атымнан, әкімшілік атынан шын жүректен құттықтаймын. Риддеріміз үлкен жетістіктерге жетеді. Ары қарай дамиды деп тұрақты сенемін.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған спорт түрі – дәстүрлі садақ ату өнері. Ашық республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен 60-тан астам спортшы қатысты. Сайыста қатысушылар Орта Азия нысанасы мен жамбы ату бойынша бақ сынады.
Тамирлан Қымбатов, «Oskemen Sadaq Atu» федерациясының менеджері:
Әртүрлі өңірлерден келді. Астана, Семей, Алматыдан келгендер көп. Бәрі жеңіске ұмтылып тұр.
Мерекелік бағдарлама аясында көкпар, топ бәйге және аударыспақ секілді ат спорты түрлері, арқан тарту мен «Толағай» күш сынасу сайыстары да ұйымдастырылды. Ал, тазы иттері қатысқан «Шырға тарту» жарысы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Қатысушылар ұлттық спорт түрлерінде күш-жігерін, төзімділігі мен ептілігін көрсетіп, ғасырлар бойы ұлт мұрасының ажырамас бөлігіне айналған дәстүрлі ойындардың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Фатима Тілейханқызы