Қытайда туып-өскен, жуырда тарихи Отанына қоныс аударған велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызы Қазақстан бойынша ұзақ сапарын жалғастырып, өңірге табан тіреді. Бойжеткен атамекеннің табиғаты мен тарихи орындарын танып-білуді мақсат етеді. Өскемен – оның бағыты бойынша аялдаған он бірінші қаласы. Қала кіреберісінде оны аймақтың жас велошабандоздары қарсы алды.
Бүрлен Әділетқызы – 2024 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласынан 26 күнде Астанаға жеткен. Оның айтуынша, велосипед спорты – денсаулыққа пайдалы әрі көп шығынды қажет етпейтін белсенді демалыс түрі. Ұзақ жолға шыққанда сенімді серіктің болуы маңызды. Саяхат барысында велоспортшыға «Орал» есімді марғау серік болған. Мысыққа бұл атау Орал қаласының құрметіне берілген екен. Сонымен қатар, бұл тарихи тамырға оралудың символдық мәнін де білдіреді.
Бүрлен Әділетқызы, велосаяхатшы:
Бұл саяхатымды ең бірінші анам қолдады. Акимат, халықтың қолдауы бар деген сияқты. Осы жолы ғана түсініп келе жатырмын осындай ұзақ жолды сапарда ең бірінші адам бойында болатын қасиет – төзімділік. Жолда қандай жағдай болатынын білмейсің. Солардың бәріне төтеп беру керек.
Велошабандоз үшін бұл сапар жай ғана саяхат емес, қазақ даласының кеңдігі мен халықтың болмысын біліп, Отанымен танысудың жолы. Бойжеткен әр өңірден алған әсерін әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Қазір саяхатшының жол үстінде жүргеніне 49 күн болды. Өскеменде ол екі күн аялдап, жастармен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Содан кейін Семей қаласы арқылы Астанаға аттанады.
Фатима Тілейханқызы