5 маусым – Экологтар күні. Қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып жүрген сала мамандарының кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаментіне барды. Өңір басшысы экологтарды құттықтап, саланың өзекті мәселелері мен алдағы міндеттерін талқылады.

Кездесу барысында облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен әкімшілік ғимаратты аралап, материалдық-техникалық мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ қоршаған ортаға жүргізілетін бақылаудың дәлдігін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи зертхананың жұмысын тамашалады. Экологтармен өткен дөңгелек үстелде табиғатты қорғау, экологиялық мониторинг және өңірдегі өзекті мәселелер сөз болды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осындай бірегей табиғи мұраны сақтау. Оны келешек ұрпаққа жеткізу аясында осы департамент қызметкерлері бар, Чернецкий Витали Евгеньевич, Беризинкая-Абилова Елена Николаевна басқа да азаматтар, мүдделі органдар, үкіметтік емес ұйымдар жан жақты жұмыстар жасауда. Енді біз осылай кәсіби біліктіліктерімізді тоғыстырып, туған жердің тазалығы мен көркейуіне жан-жақтан үлес қоса беруіміз қажет.

Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғау ісіне елеулі үлес қосып жүрген экологтар мен эко-белсенділер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында бұл салада жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулет Асанов та бар.

Дәулет Асанов, «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС директоры:

Экология департаментінің колективімен кездесіп жасалып жатқан оң шаралар туралы айтып кетті. Одан кейін осы салада жұмыс істеп жұрген біраз адамдарға марапаттау қағаздарын берді. Істепліп жатқан жұмыстар көп. Әрине әр адам өзінің жұмысының оң нәтижесін байқап жатқанына қуанады. Көп рахмет айтамын. Осы салада жұмыс істегеніме 20 жылдай болды. Ары қарай да өзімінің сараптамады, эксперттік ойымды беріп отырамын.

Сала мамандары мұндай кездесулер кәсіби қауымдастық үшін ерекше маңызға ие екенін айтады. Олардың сөзінше, өңір басшысының арнайы келіп құттықтауы атқарылған еңбекке берілген баға ғана емес, алдағы жұмыстарға серпін беретін қолдау.

Наталья Гожеман, ШҚО бойынша Экология департаментінің бөлім басшысы:

Бүгінгі марапат – табиғатты қорғау жолында еңбек етіп жүрген барлық экологтарға көрсетілген құрмет деп білемін. Облыс әкімінің арнайы келіп, кәсіби мерекемізбен құттықтауы біз үшін үлкен қолдау. Бұл экологиялық мәселелердің әрдайым назарда екенін көрсетеді. Осындай сенім мен қолдау алдағы жұмысымызға жаңа серпін береді.

Экологтар күні аясындағы кездесу табиғатты қорғау бағытындағы өзара іс-қимылды нығайтып, қоғам мен мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады. Мамандардың айтуынша, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Нұртас Қайролдаев