«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында өңір тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. 2020 жылы бастау алған жоба жүздеген отбасының тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Бүгін де бағдарлама Күршім ауданында да табысты жүзеге асырылып, баспаналар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.

Биыл «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы ауданның алты ауылын қамтып отыр. Атап айтқанда, Күршім, Барақ батыр, Үшбұлақ, Қыстау-Күршім, Қайыңды және Жолнұсқау ауылдары. Жыл соңына дейін аталған елді мекендерде жалпы саны 30 баспананы пайдалануға беру жоспарланған.

Сымбат Дүйсенғазин, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Бір қабатты шығыс бағдарламасы аясында тұрғын үйлер салынуда. Кезекте онға жуық үй дайын тұр. Отбасы банкы арқылы жүзеге асатын болады. Осы тұрғын үйлерді кезекпен беру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ бұл үйлерге қосатын электр желісі қалды. Содан кейін қолданысқа береміз.

Жаңа баспаналар барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған. Мамандардың айтуынша, жоба тұрғындардың баспана мәселесін шешумен қатар, ауылдардың дамуына серпін беріп, елді мекендердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасап отыр.

Бекарыс Секен