Кенді Алтайдың інжу-маржаны саналатын Риддер қаласы 240 жылдық мерейтойын атап өтті. Екі жарым ғасырға жуық тарихы бар шаһар бүгінде өндіріс пен мәдениетті, еңбек пен дәстүрді тоғыстырған іргелі орталыққа айналған. Қала күніне арналған мерекелік шаралар бірнеше күнге жалғасып, тұрғындар мен қонақтарды ортақ қуанышқа бөледі. Ал мерейтойлық кештің негізгі бағдарламасы Республика алаңында өтіп, риддерліктерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қала күніне арналған мерекелік шаралар тұрғындар мен қонақтарды ортақ қуанышқа ұйыстырып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды. Республика алаңындағы салтанатты кеште қаланың кешегісі мен бүгіні сараланып, оның дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Мерекеге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сіздерді өр Алтайдың жүрегінде орналасқан қасиетті мекен Риддер қаласының 240 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тарихымыз біздің терең, тағылымы мол Риддер еліміздің индустриалдық дамуына зор үлес қосқан, еңбек пен ерліктің, бірлік пен жасампаздыңтың үлгісін көрсетіп келе жатқан қаламыз. Бүгінгі мерейтойымыз өткенге тағзым, бүгінгі жетістіктерді бағалайтын, келешекке тық сеніммен қарайтын күн. Қаланың жарқын болашағы біздің жастарымыздың қолында. Сондықтан да Риддердің келесі белестері табысты, келесі ғасырлары берекелі боларына сенім мол.

Мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Риддер қаласының бұрынғы әкімі Шәкәрім Бұқтұғұтов та қатысты. Ол өз сөзінде Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқан маңызды бастамаларға тоқталып, қаланың өсіп-өркендеуіне тұрғындардың ауызбіршілігі мен адал еңбегі негіз болғанын атап өтті.

Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Риддер қаласының тарихы тереңнен бастау алады. 1786 жылы Филипп Риддер Батыс Алтайдағы бай кен орындарын ашып, өңірдің өркендеуіне жол салды. Қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев та осы қалада еңбек етіп, оның тарихында өзіндік із қалдырды. Бүгінде батырлар мен еңбек ерлерінің даңқты жолын риддерліктер абыроймен жалғастырып келеді. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында қала көркейіп, жаңа бастамалар жүзеге асуда. Осы айтулы мерекемен барша Риддер қаласының тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына амандық, бақ-береке, қаламызға өсіп-өркендеу тілеймін!

Мерекелік кештің шырайын жүргізушілер Құмар Лұқманов пен Нұрдәулет Шертім келтірді. Ал DJ Деннің музыкалық бағдарламасы Республика алаңын думанға бөлеп, жұртшылықтың көңілін көтерді. Ән мен күйге тербелген тұрғындар мерейтойдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, туған қалаларының жетістіктеріне деген мақтаныштарын жеткізді.

Мерекелік кеш барысында Риддердің 240 жылдығына орай ұйымдастырылған ІІ ұлттық «Ата-Мұра» ойындарының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Ұлттық спортты дәріптеп, дәстүрлі ойындардың дамуына үлес қосқан қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Ал кеш соңы Риддер аспанын нұрға бөлеген әсерлі отшашумен түйінделді.

Нұртас Қайролдаев