Елімізде экологиялық мәселелерді шешу мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі саналады. Осыған орай облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін қалдықтарды сұрыптау саласында қызмет атқаратын «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС-нің өндірістік алаңында арнайы таныстыру шарасы ұйымдастырылды.

Өңірде 2022 жылдан бері қоқыс сұрыптау зауыты жұмыс істеп келеді. Кәсіпорынға тәулігіне 200 тоннаға жуық қалдық келіп түседі. Мұнда негізінен картон, шыны және пластикалық бөтелкелер сұрыпталып, қабылданады.

Жұпар Қожахметова, «ӨСКЕМЕНСПЕЦКОММУНТРАНС» ЖШС директоры:

Күніне шамамен 150–200 тонна қоқыс қабылдаймыз. Оны сұрыптап, қайта өңдеуге дайындаймыз. Сұрыпталған қалдықтар басқа қалалардағы қайта өңдеу кәсіпорындарына жіберіледі. Негізінен Алматы қаласына жөнелтеміз, кейде Астанаға да жібереміз. Нарықтағы бағаға қарай тиімді бағытты таңдап, сұрыпталған қалдықтарды сол өңірлерге жөнелтеміз.

Кәсіпорын директоры Еркін Байбұлов журналистерді өндіріс барысымен таныстырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау мен сұрыптау кезеңдері туралы қысқаша мәлімет берді. Сондай-ақ алдағы жоспармен де бөлісті.

Еркін Байбұлов, қоқыс өңдеу зауытының директоры:

Біздің зауыт қоқыс сұрыптау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі - «Sabo» компаниясының (Грекия) еуропалық стандарттарға сай технологиясымен жабдықталған. Қаланың контейнерлік алаңдарынан жиналатын барлық тұрмыстық қалдықтар зауытқа жеткізіліп, өлшеуден және іріктеуден өтеді. Ал қайта өңдеуге келмейтін қалдықтар ғана полигонға көмуге жіберіледі.

Бүгінде зауыт штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мұнда инженерлік-техникалық қызметкерлер де еңбек етуде. Мақсат – қала тазалығын сақтау.

Кәусар Идаятқызы