Сол жағалау кешеніндегі Этносаябақта «Жаңғыру» шығармашылық орталығының есеп беру концерті өтті. Орталықтың бес жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған мәдени шараға қала тұрғындары, өнер сүйер қауым, жас таланттар жиналды.

Кеште тәрбиеленушілер жылдар бойы меңгерген өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Сахна төрінде вокалдық шығармалар шырқалып, түрлі жанрдағы хореографиялық қойылымдар көрсетілді. Сонымен қатар, жастар ұлттық және заманауи музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Жәнел Садықова, «Жаңғыру» шығармашылық орталығының директоры:

 «Жаңғыру» орталығымыз осындай бүлдіршінімізге қолдау жасап, әр түрлі халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға дайындалып, негізгі мақсатымыз балаларды дамыту, шығармашылық дамыту.

Концерт бағдарламасы мазмұнды әрі әсерлі өтті. Әрбір шығармашылық нөмір үлкен дайындықпен ұсынылып, қатысушылардың шеберлігі мен талпынысын айқын көрсетті. Шарада әлемдік классикалық шығармалар да орындалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Гүлнәз Ахметова, қала тұрғыны:

 «Жаңғыру» шығармашылық орталығына алғысым шексіз. Барлық ата-аналардың атынан алғысымды білдіремін. Баламызды өнерге баулығандары үшін мың да бір рахмет.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталық балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және өнерге деген қызығушылығын арттыруға зор мүмкіндік беріп келеді. Бүгінде мұнда жүз елуден астам бала түрлі бағыт бойынша білім алып, өз қабілеттерін шыңдауда.

Шара аясында орталықтың жұмысына қолдау көрсетіп, балалардың шығармашылық дамуына үлес қосқан ата-аналардың еңбегі де жоғары бағаланды. Белсенді ата-аналар дипломдармен марапатталып, бірқатарына шетелге жолдамалар табысталды. Сонымен қатар орталықтың жетістіктері мен бес жыл ішінде атқарған жұмыстары қорытындыланып, ұстаздар мен тәрбиеленушілерге алғыс білдірілді.

Аяулым Усинова