Облыс тұрғындарымен өткен есептік кездесуде өңірдің энергетика саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелер көтерілді. ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, соңғы жылдары Риддер қаласындағы жылумен қамту жүйесіндегі бірқатар түйткілдер шешімін тапқан. Жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
Өңірдің қарқынды дамуы энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі жаңғыртуды талап етеді. Жылу энергиясына сұраныстың артуына байланысты республикалық деңгейде Өскеменде жаңа жылу электр орталығын салу туралы шешім қабылданған. Жоба жүзеге асқан жағдайда облыс орталығының болашақтағы дамуына серпін беріп, жылумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік туады.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Үлкен өнеркәсіптік өңір ғой Шығыс Қазақстан. Ірі орталықтар да бар. Үлкен ЖЭО салу жоспарда бар. Ол ірі жобалар. Аудандарды тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету – электр желілерінің мәселесі... кезең-кезеңімен дұрыстап келе жатырмыз. Бүкіл өңірді газдандыруға мемлекеттік деңгейде үлкен бағдарлама арқылы 4-5 жылда басталатын шығар.
Кездесу барысында облыс орталығының 19-шағынаудан тұрғыны тұрмыстық қажеттіліктерге төленетін төлем мәселесін көтерді. Тұрғындардың айтуынша, коммуналдық қызметтер бағасының өсуі әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ауыр салмақ түсіріп отыр.
Сәуле Урустимова, қала тұрғыны:
Әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін бұл мәселе өте маңызды. Барлық тұрғын электр энергиясы үшін уақытылы төлем жасай бермейді. Ал, коммуналдық шығындардың басым бөлігі жарыққа кетеді. Себебі, электр энергиясы су және қыста жылу жүйесіне де қажет. Сондықтан, тұрғын үйлерге төленетін төлем тәртібін бұрынғы қалпында қалдыруды сұраймын.
Кездесуде электрмен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Тұрғындар жарықтың жиі өшуі, мердігер ұйымдардың жұмысы және жаңа шағынаудандарды инженерлік желілерге қосу мәселелерін көтерді. Бұл сұрақтар бүгінде уәкілетті органдар мен облыс әкімдігінің бақылауында.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Әр айтылған мәселе бақылауға міндетті түрде алынады. Біздің құзырет болмаса әкімшілік шешеді. Біздің құзырет болса біз оны бақылауға аламыз. Бізде әр өңірде аумақтық департаменттер бар. ШҚО Департаментімен тиісті кездесулер өткізу жоспарлап жатырмыз қолға аламыз.
Өңірді газдандыру мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі уақытта облыста табиғи газ тек бір кен орнынан өндірілуде. Алайда, оның қоры біртіндеп азайып келеді. Осыған байланысты еліміздің солтүстік-шығыс өңірлерін газбен қамту жолдары мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатыр. Бұл жоспарлар жүзеге асса, энергетикалық қауіпсіздік нығайып қана қоймай, өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына да ықпал етеді.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Мұндай кездесулердің ерекшелігі бар. Біз республикалық деңгейде өткіземіз, толық санауға болады.
Вице-министрдің айтуынша, энергетика саласындағы көптеген мәселе кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Ал, инфрақұрылымды одан әрі дамыту мемлекет пен өңір үшін басым бағыттардың бірі.
Фатима Тілейханқызы