Өскеменде қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қаладағы трамвай паркі үш жаңа заманауи вагонмен толықты. Төрт есікті трамвайлар пандустармен жабдықталған. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың көлікке емін-еркін кіруіне мүмкіндік береді. Жаңа вагондардың жұмысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен қала әкімі Алмат Ақышов танысты.

Облыс орталығына Беларусь елінде шығарылған үш жаңа трамвай жеткізілді. Жақын арада олар тұрақты бағыттарға шығарылады. Қазір қаладағы трамвай паркінде 10 жаңа вагон бар. Жалпы қажеттілік 18-20 трамвайды құрайды. Жаңа трамвайлар заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Үш вагонның жалпы құны бір миллиард теңгеден асады. Әрқайсысы 130 жолаушыға дейін тасымалдай алады. Жылжымалы құрамды жаңарту –көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жол жүру жайлылығын арттыруға бағытталған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

132 мың автокөліктің шыққан түтіндері әлбетте көптеген шығарындылар шығарады. Міне, осындай трамвайларымызды, электроавтобустарымызды көбейте отырып, біз осы мәселені шешпекпіз. Биыл біз 12 электроавтобус сатып алдық, жылдың аяғына дейін тағы 15 электроавтобус сатып аламыз. Келесі жылдары да ары қарай жалғастыра береміз. Бұл экология мәселесін шешуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Су жаңа вагондар сегіз бейнебақылау камерасы, жүргізуші кабинасы мен салондағы климаттық бақылау жүйесімен жабдықталды. Сонымен қатар, энергияны үнемдейтін технологиялардың арқасында электр қуатын тұтыну көлемі шамамен 47 пайызға қысқарады. Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін автоматты түрде құм себу жүйесі қарастырылған. Ал, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында төмен еденнің сапасы 41 пайызға дейін ұлғайтылған. Бұрын қала тұрғындарының небәрі 7 пайызы ғана трамвайды пайдаланатын. Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай өскен. Бүгінде ай сайын 320 мыңнан астам жолаушы осы көлік түрін таңдайды. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде трамвайға деген сұраныс артып келеді.

Денис Федченко, «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС директоры:

Бұл вагондар өз сапасын дәлелдеді. Өткен жылы да осындай үш трамвай сатып алынған еді. Оларды бір жыл бойы пайдаландық. Қала тұрғындарына өте ұнайды. Олар ауа баптағыш, өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған. Бұл – жартылай төмен еденді, заманауи үлгідегі трамвайлар. Мұнда пандус та қарастырылған.

Жаңа трамвайлар қызмет етуге толық дайын. Валидаторлар орнатылып, қажетті жүйелер бапталған. Бұдан бөлек, жолаушылар үшін жолақы құны өзгеріссіз қалады. Алдағы уақытта трамвай паркін жаңарту жұмыстары жалғасады.

Фатима Тілейханқызы