Шығыс Қазақстандағы Діни бірлестіктер басшылары клубының кезекті отырысы өтті. Жиынға конфессия өкілдері, сарапшылар және облыстық дін істері басқармасының мамандары қатысты. Басқосуда өңірдегі конфессияаралық келісімді нығайту және мемлекет пен діни ұйымдардың байланысын тереңдету жайы қаралды. Сондай-ақ қатысушылар қоғам игілігіне арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін де талқылады.

Жиынның мақсаты – мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен рухани келісімді сақтау бағытындағы жұмысты жетілдіру. Басқосуда түрлі конфессиялардың өзара байланысы, әлеуметтік бастамаларды бірлесе іске асыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.

Ерболат Ошақбаев, Облыстық Дін істері басқармасының басшысы: 

Жалпы, ШҚО бойынша бізде 11 конфессия бар. Барлық конфессиямен басқарма тығыз қарым қатынаста жұмыс істейміз. Ерекше іс шаралардың барлығын бірге атқарып отырмыз. Бүгін өзара қарымқатынаспен және алдыға қойған мақсат міндеттерімізді айқындайтын боламыз. 

Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүйелі іске асыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Басқосуда діни бостандық пен қоғамдық тұрақтылық балансын сақтау жайы кеңінен талқыланды. Қатысушылар азаматтардың діни сеніміне қарамастан тең құқықтылығын айқындайтын конституциялық нормаларды берік ұстану қажеттігін алға тартты. Мамандардың пікірінше, бұл қағидалар – Қазақстандағы дінаралық татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі.

Думан Сайфуллин, ШҚО бас имамы: 

Абай хәкімнің де айтатындығы бар «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті». Және де біз мақтана айтамыз, біздің Қазақстан мемлекеті қазір әлем бойынша осы дін аралық татулықтың, дін аралық бірліктің сондай керемет үлгісі болып отыр. Әр бір дін өкілі осы бір бірлікті нығайтуға, одан әрі дамытуға осы елімізді жақсы жағынан танытуға өзіндік азаматтық борышы деп санауы қажет деп ойлаймыз. 

Жиын соңында Клуб мүшелері келесі тоқсанға арналған бірлескен жұмыс жоспарын бекітіп, аймақтағы конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған нақты ұсыныстар қабылдады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық диалог алаңдары діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара түсіністікті арттырып, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей түспек.

Кәусар Идаятқызы