Өскеменде еліміздің инженерлік білім беру саласының болашағы талқылануда. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында бірден екі ірі іс-шара өтті. «Инженерлік білім берудің болашағы: ұлттық модельді дамыту және енгізу» атты республикалық стратегиялық сессия және инженерлік даярлықтағы дуальды білім беруге арналған халықаралық DualEdu Forum «Құзыреттерден индустриялық шешімдерге дейін» атты эксперттік алаң. Жиын барысында жоғары оқу орындарының өкілдері мен сала сарапшылары инженер кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылады

Болашақ инженер қандай болуы тиіс және жоғары технологиялы экономикаға қажетті мамандарды қалай даярлау керек? Бұл сауалдар Өскеменде өтіп жатқан халықаралық форумның өзегіне айналды. Сала мамандары мен шетелдік сарапшылар инженерлік білім берудің жаңа моделін талқылауда. Ұсынылып отырған бағыт — жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы өзара байланысты күшейтуге негізделген. Ауқымды алаңға еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жетекшілері, техникалық жоғары оқу орындарының ректорлары, сондай-ақ Германия, Өзбекстан және Әзербайжаннан келген халықаралық сарапшылар жиналды.

Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры: 

Бұл сұрақ өте маңызды, үйткені индустрияны алы қарай дамыту керек. Біздің Қазақстанның инновациялық дамуына үлес қосу үшін біздің университеттеріміз дуалды оқыту жүйесін қалыптастыру ол маңызды сұрақ деп ойлаймын. Қазіргі таңда барлығы қарқынды өзгеріп келеді. Жасанды интелект те өте маңызды. Сондықтан жаңа технологияларды кәсіпорын базасында тез меңгеріп дайын маман болып шығуына үлесі мол. 

Сонымен қатар, биыл жоғары оқу орны Германияның Бохум университетімен бірлесіп, «Қолданбалы геология» атты жаңа қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастама инженерлік-геологиялық бағыттағы мамандарды халықаралық стандарттарға сай даярлауға жол ашады.

Елена Реш, UA Ruhr ұйымының Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ бойынша өкілдігінің директоры: 

Біз үшін ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының стартаптармен, өнеркәсіппен және өзге де салалармен өзара байланысы өте маңызды. Осы бағытта біз түрлі бағдарламалар мен жобаларды әзірлеп жатырмыз. Бұл бастамаларға индустриялық серіктестер, өңірлер және министрліктер тарапынан да қомақты гранттар бөлініп, қолдау көрсетілуде. Мұның барлығы халықаралық деңгейдегі ірі жобаларды дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады. Әрине, бұл үдерісте Қазақстан маңызды орталық рөл атқарып отыр.

Бүгінде дуальды білім беру жүйесінің маңызы арта түсуде. Бұл тәсіл студенттердің кәсіби құзыреттерін тікелей өндіріс орнында қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде түлектер кәсіпорынға келген сәттен бастап бейімделу кезеңінсіз-ақ жұмысқа кірісе алады. Олар өндірістік технологияларды, қауіпсіздік талаптарын, корпоративтік мәдениетті және жұмыс үдерістерін алдын ала меңгеріп шығады. Осындай тиімді модельдің жарқын үлгісі – «Қадам» жобасы. Ол «Қазцинк» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Нұртас Қайролдаев