Түркияның Стамбул қаласында өткен «FETIH KUPASI» жамбы ату жарысында Олжас Дюсупов 40 елден келген 327 ер азаматтың арасынан суырылып шығып, екінші орын иегері атанды. Өскемен жұрты спортшыны әуежайдан күтіп алып, жеңісімен құттықтады.
Шетелде өткен беделді додада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыны туған-туыстары, достары, әріптестері мен спорт жанашырлары қарсы алды. Жеңімпазға гүл шоқтарын табыстап, ақжарма тілектерін жеткізді.
Ажар Төлеуқанова, дәстүрлі садақ атудан бапкер:
Садақ деп жүрегі соққан, таңғы сағат бестен жаттығуын үзбеген міне шыдамдылықтың арқасында, тұрақтылық пен төзімділіктің арқасында еңбегінің нәтижесі соны біз қуана күтіп тұрмыз.
Дәстүрлі садақ ату спортының дамуына үлес қосып жүрген Олжас Дюсуповтің бұл жетістігі – қажырлы еңбек пен үздіксіз жаттығудың жемісі. Халықаралық деңгейдегі жарыста күміс медаль иелену – тек спортшының ғана емес, өңір спортының да абыройын асқақтатқан маңызды жеңіс.
Олжас Дюсупов, Ерлер арасында жамбы нысанасы бойынша халықаралық жарыстың күміс жүлдегері:
Жартылай финалға дейін қиын болды. Жартылай финалға 4 қазақтың жігіті шықтық. Тарихта болмаған. Тарих жазып кеттік десек те болады.
Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық турнирде көрсетілген бұл нәтиже қазақтың дәстүрлі садақ ату өнерінің әлемдік деңгейде мойындалып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Спортшы алдағы уақытта да ел намысын халықаралық жарыстарда қорғап, бұдан да биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Аяулым Усинова