Өңірде жеткіншектердің жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру мәселесі ерекше бақылауға алынған. Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, биыл аймақта оннан астам балалар сауықтыру лагері жұмыс істейді. Жазғы маусымда аталған демалыс орындарында 10 мыңнан астам оқушы демалады деп жоспарланған.

Балалар сауықтыру лагерьлерінің жаңа маусымға дайындығын бағалау мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылған. Оның құрамына төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері енгізіліп, арнайы жұмыс кестесі бекітілген. Бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында облыстық ТЖД бірқатар профилактикалық шараларды жүзеге асырды. Атап айтқанда, балалардың өрт және судағы қауіпсіздігі мәселелеріне арналған облыстық семинар ұйымдастырылып, лагерь директорлары мен жауапты мамандарға қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.

Мадина Сейтқамза, ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері: 

Облыстағы су айдындарының маңында орналасқан және жағажай аумақтары бойынша төрт сауықтыру лагері бар олар «Балауса», «Жігер балақай», «Балақай», ж»не «Приморск» лагерлары. Бұл жерллерде жаңағы арнайы шомылуға арналған орындары белгіленген. Сүңгіуірлер тексерулер жүргізіп, мамандар лабораториялық тазарту жұмыстары да атқарылды. 

Бүлдіршіндердің қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында өңірде профилактикалық іс-шаралар да ұйымдастырылды. Лагерь басшылары мен білім беру саласының мамандарына арналған арнайы семинарлар да өткізілген. Бұдан бөлек, брифинг барысында «Дарын» орталығының маманы да өңірде биыл келеуге болатын лагерьлер мен оларда қарастырылатын мүмкіндіктер жайлы баяндады.

Гаухар Рахимжанова, Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының директоры: 

Жаз кезінде 23366 баланы тамақпен қамтитын 276 мектеп жанындағы балаларды демалту орталығы жұмысын бастады. Сондай-ақ жазғы кезең ішінде барлық қосымша білім беру ұйымдарында 59736 оқушыны қамти отрырып, 26 бейінді тамақтандыру орталығы өз жұмысын жасайтын болады. 

Брифингте санитариялық-эпидемиологиялық бақылау талаптары да кеңінен сөз болып, сол тұрғыда жасалып жатқан жұмыстар туралы талқыланды. Баяндама барысында өңірдегі демалу мауысымына қанша лагерь дайындықтан өтіп, қаншасы өтініш бергені жайында да хабарланды. 

Қанат Тұрдиев, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы: 

Қазіргі уақытта біздің қарамағымызда білім басқармасы бекіткен әр аудандарда әр қалаларда 12 лагерь жұмыс істеуге ниет білдіріп жатыр. Он екі лагерьдің бүгінгі күнде тоғызынан жұмысты бастау жайында өтініш түсті. Түскен өтініштер қарастырылып, сараланып, бес лагерьге рұқсат берілді оның төртеуі жұмыстарын бастады. 

Жауапты мекемелердің бірлескен жұмысы нәтижесінде оқушылардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге жағдай жасалуда. Мамандардың айтуынша, балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау, олардың сапалы демалысын қамтамасыз ету алдағы уақытта да басты назарда болады.

Нұрдәулет Қалибеков