Облыс орталығында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен «АФМ Online 2026 – Қаржылық қауіпсіздік бойынша тренинг» өтті. Шара «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Жиынға денсаулық сақтау мен халықты әлеуметтік қорғау саласының мамандары қатысты.
Форумның мақсаты – қоғам арасындағы қаржылық сауаттылықты арттыру. Сонымен қатар, алаяқтық схемалардың жолын бөгеу арқылы цифрлық қауіпсіздік мәдениетін нығайту. Жиында ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің, облыстық прокуратураның және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері баяндама жасады.
Жандос Мұзтауов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі превенция және аналитикалық әзірлемелер басқармасы басшысының орынбасары:
Осы шараға 100-ден аса адам қатысып отыр. Бұл адамдар күнделікті көпшілікпен байланыса отырып, алынған білімді, яғни ақпараттарды жұмыс істейтін адамдармен түсіндіруі мүмкін.
Форум барысында дропперлердің заңсыз әрекеттері мен цифрландыру дәуірінде жеке деректерді қорғау және қаржыны басқару мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, қаржылық сауаттылық ең алдымен отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлаудан басталады. Табыс пен шығынды тиімді басқару, қарыздық міндеттемелерді уақытылы өтеу және тұрақты түрде қаражат жинау қаржылық тұрақтылықтың негізгі шарттары саналады.
Бауыржан Әлімханов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өскемен қ. бойынша өңірлік өкілдер басқармасының бас маманы:
Үлкен мақсатқа жету үшін қазіргі кезде өзін кішкентай заттардан шектей біліп үйренсе, табатын табысын қолданып үйрене бастайды. Өзіне тиімді. Табысы үлкен болмаса да, болашақта қаржылық сауатты адам болып шығады.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамдағы қаржылық алаяқтық тәуекелдерін төмендетуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың цифрлық қауіпсіздік бойынша білімін арттыруға ықпал етеді.
Фатима Тілейханқызы