Өскеменде халықаралық және мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ақын әрі әнші Ақсұңқар Ақынбабақызының «Алтай – Алатау арасы» атты шығармашылық кеші өтті. Рухани кешке ақынның оқырмандары, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым жиналды.
Кеш барысында қаламгердің жүрекке жылы тиер жырлары оқылып, халыққа кеңінен танымал әндері шырқалды. Ақсұңқар Ақынбабақызы –әдебиет пен өнер саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған шығармашыл тұлға. Оның 2001 жылы «Елорда» баспасынан «Мен – Алтайдан ұшқан Ақсұңқар» атты жыр жинағы жарық көрген. Сонымен қатар, өлеңдері «Қазақ ақындарының антологиясына», «Қыз ғұмыр – жыр ғұмыр» және Қырғызстанда басылған қазақ ақындарының жыр жинағына енген.
Ақсұңқар Ақынбабақызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Менің «Алтай – Алатау арасы» деген авторлық жобам бар. Сол жоба бойынша мен Қазақстанның тең жартысын аралап келе жатырмын. Басын Алматыда бастадым 2024 жылы. Міне, ендігі кезекте Өскеменге келіп, сіздермен жүздесіп жатырмын. Осы Өскеменде бірінші рет бишілік өнерімді де көрсетейін деп отырмын. Яғни, «Қара жорға» әнін айтып тұрып әрі билеп тұрып орындаймын. Тағы бір жаңалығым, эпикалық музыка тарихында «Ай дауысы» деген ән орындаймын.
Ақын шығармашылығындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық құндылықтар мен адамгершілік тақырыптары көрерменнің көңілінен шықты.
Әскерхан Ақтай, Өскемен қ. мәслихатының депутаты:
Ақсұңқар – көрерменнен өзінің бағасын алған ақын. Бірқатар өлеңдері бар. Қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар. Айтарын айтып жүрген ақын. Жастар оның поэзиясын сүйіп оқиды. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдары шығармашылықтағы жемісті жылдарын, есебін көрерменге беріп, рухани, жақсы кеш сыйлап жатқан жайы бар.
Шығармашылық кеште ақынның өмір жолы мен әдеби мұрасы кеңінен насихатталды. Көрермендер рухани кештен ерекше әсер алып, өнер иесіне жылы лебіздерін білдірді.
Гүлжан Қазимова, Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары:
Өскеменге Ақсұңқар Ақынбабақызы келді дегеннен кейін ұшып-жығылып жеткен түріміз осы. Мен бұл ақын қызды әлеуметтік желіден жақсы білемін. Өлеңдері, қоғам туралы жазбалары өте өткір. Жиі оқып жүремін. Әндерін өзінің парақшасына салып жүретін. Содан жиі көремін.
Өнер мен руханиятты тоғыстырған тағылымды кеш ұлттық әдебиетті дәріптеп, қазақ поэзиясына құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Фатима Тілейханқызы