Оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталды. Олардың уақытын сапалы әрі тиімді өткізу мақсатында өңірімізде жазғы сауықтыру орталықтары ашылуда. Соның бірі – Ұлан ауданына қарасты Төменгі Тайынты ауылы маңында орналасқан «Царская долина» жазғы білім беру-сауықтыру орталығы. Толығырақ тілші баяндайды. 

Табиғаты ғажайып мекенде орналасқан «Үміт» балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері үш ай бойы осында демалады. Бүгінде орталықта 8 жасақ бар. Ерекшелігі сол - әр жасаққа Шығыс Қазақстанның маржаны мен мақтанышына айналған киелі мекендердің атауы берілген. Атап айтсақ, «Сибины», «Мұзтау», «Марқакөл», «Алтай», «Күршім», «Зайсан», «Ертіс» және «Ақбауыр» жасақтары. 

Ғалия Мұхамғалиева, «Царская долина» жазғы білім беру-сауықтыру орталығының тәрбиешісі: 

Әр баланың бойында өзінің талабына байланысты олар үйірмелерге қатысады. Мысал үшін жаңа сіздер Марияны көрдіңіздер. Ол бала керемет жақсы салады суретті. Тігін тіге алады. Және де бисермен әртүрлі моншақтар, неше түрлі істеп отырады. Сол сияқты айта кетсек, өзіміздің жасақта тұратын 20-дың ішінде біреуі би билесе, екіншісі спорт жағынан қатысады, үшіншісі сурет салса, төртіншісі ән айтады. Бір бос бала болмайды. Барлығы өздерінің ынтасы бойынша барлық үйірмелерге қатыстырып отырамыз. 

Орталықта балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын жіті қадағалау - ең басты міндет. Оқушылардың алаңсыз тынығуы үшін барлық қажетті қауіпсіздік шаралары орайластырылған. 

Андрей Абакумов, тәрбиеленуші: 

Мен «Мұзтау» жасағының мүшесімін. Бұрын «Царская долина» неге бұлай аталады деп ойлайтынмын. Осында алғаш келгенде оның себебін түсіндім. Мұндағы табиғат ерекше әсем, көркем әрі бай. Бұл жерде өсімдіктер өте көп. Әсіресе бақбақ, қоңыраугүл және қызғалдақ гүлдері маған қатты ұнайды. Лагерьде біз уақытты өте қызықты өткіземіз. Тамақтанамыз, серуендейміз, демаламыз, түрлі ойындар ойнаймыз, үстел ойындарына қатысамыз, әртүрлі іс-шаралар өткіземіз және фильм көреміз. Мен әсіресе баскетбол ойнағанды жақсы көремін.

Жазғы демалыс - тек спорт пен ойын емес, таным көжиегін кеңейтетін уақыт. Орталықта балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін арнайы кітапхана да жұмыс істейді. Мұнда көркем әдебиеттен бастап, шытырман оқиғаға толы түрлі жинақтар бар.  

Аружан Иманбаева, тәрбиеленуші: 

Бос уақытымда кітап оқуды жақсы көремін. Қазір Гарри Потер кітабын бастап. Сонымен қатар бос уақытымда серуендеп, табиғат сұлулығын тамашалағанды жақсы көремін. Осы жердің табиғаты өте әдемі. Мен тіс дәрігері болғым келеді. Адамдарға көмектескім келеді. Менің арманым кішкентай кезімнен. Қазір сол үшін сабақты жақсы оқып жүрмін. Мен өлең тыңдағанды жақсы көремін және кітаптарды оқыған кезде де Абай Құнанбаевты да оқығанды жақсы көремін. Мұқағали Мақатаевты. Әр түрлі конкурстарға қатысамын. Тақпақтарда айтамын. 

Балалар жайғасқан бөлмелер де көз қуантады. Мұнда олардың еркін демалуларына жағдай жасалған. 

Александр Ефимов, тәрбиеленуші: 

Біздің жасақтың атауы – «Алтай». Біз бөлмемізді әрдайым таза әрі жайлы ұстауға тырысамыз. Жасақтағы балалар өте тату, бір-бірімізге көмектесіп жүреміз.

Алена Бобровникова, тәрбиеленуші: 

Мұнда бәрі өте жайлы ұйымдастырылған. Ағаш кереуеттеріміз, ыңғайлы матрастарымыз және жеке заттарымызды сақтайтын шкафтарымыз бар. Бөлмеміздің безендірілуі де өте әдемі. Шкафтарда табиғат бейнеленген, ал төсек жапқыштарында көбелектердің суреттері бар. Бөлменің түсі де көзге жағымды.

Ең бастысы балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарда. Орталық балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да сеп. 

Кәусар Идаятқызы