Марқакөл ауданының Қайнарлы ауылында жаңа нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елді мекенде елу орындық заманауи мектеп бой көтеруде. Сонымен қатар, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспаналар салынуда. Ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан тілші тарқатсын.
Қайнарлы ауылы тарихы терең, табиғаты көркем, тіршілігі қайнаған мекен. Бүгінде мұнда 200-ден астам тұрғын тұрады. Соңғы жылдары ауылда инфрақұрылымды дамыту бағытында нақты жұмыстар қолға алынып, жаңа нысандар салынуда. Мәселен, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспаналар бой көтеруде.
Елёрбек Кучкаров, құрылысшы:
Бұл үйдің құрылысын 15 күн бұрын бастадық. Қазір алты адам жұмыс істеп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өзім осы салада үш-төрт жылдан бері еңбек етіп келемін. Үйдің сапасы мен беріктігіне ерекше мән беріп, қажетті материалдардың барлығын талапқа сай қолданып жатырмыз.
Жауапты мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары толық талаптарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандардың қабырғалары қаланып, негізгі құрылыс кезеңдері аяқталуға жақын.
Қуаныш Мұқашев, «ЭлектроТехноСтрой» ЖШС директорының орынбасары:
Қос қабатты екі бірдей пәтер салынып жатыр. Пәтердің толық аумағы 85 шаршы метрді құрайды 1 пәтер. Мамыр айының басында басталған. Енді келесі ай шілде айының басында толықтай бітіріп өткізуге тырысамыз деп жатырмыз.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасының игілігін көріп отырған отбасылар да бар. Жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындардың айтуынша, үйлер барлық қажеттілікке сай салынған. Әсіресе, қыс мезгілінде үйдің жылы болуы мен тұрмысқа қолайлылығы көңілден шығады.
Саят Халықов, ауыл тұрғыны:
Біз міне осы баспанаға кіргелі міне бір жарым жыл уақыт болды. Жақсы барлығы. Бес кішкентайым бар. Бәрі жақсы жаңа баспана беріп жатыр ауыл тамаша. Адамдары да халқы да жақсы.
Марқакөл ауданы қайта құрылғалы елді-мекендерге көп көңіл бөлінуде. Ескі нысандар жаңаға ауыстырылып, жұмыс орындары көбейіп, ғимараттар салынуда. Соның бірі - су жаңа мектеп.
Қарлығаш Алинова, Қайнарлы негізгі орта мектебінің директоры:
Осы ауданымыздың ашылғаны көптеген жаңалықтар әкелді. Соның бірі атап айтатын болсақ мектебіміз 2025 жылы басталып міне аяқталуға жақын. Осы бұйырсата қыркүйектің бірінде бұйырса қолданысқа беріледі деп отырмыз.
Ауылда оң өзгерістер көп. Жақында ғана қолданысқа берілген балалар ойын алаңы бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған алаңда балалар алаңсыз ойнап, бос уақыттарын тиімді өткізуде.
Қайнарлы бүгінде өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан ауылдардың бірі. Нәтижесінде жастардың туған жерде тұрақтауына мүмкіндік мол. Ауылды дамыту бағытында қолға алынған жобалардың нәтижесі туралы аудан әкімі тарқата айтты.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
Қайнарлы ауылы берекелі өте мерекелі ауыл. Ауыл десе жанын беретін азаматтар бар. Соған байланысты ауылды көтеру мақсатында пилоттық бағдарлама енгіздік. Бүгінгі күні нәтиже бар. Ауылда бос үй жоқ. Жастар бар қуантарлық жағдай.
Қайнарлыда қолға алынған жобалар біртіндеп өз жемісін беруде. Жаңа мектеп, баспана мен қоғамдық нысандар ауылдың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға ықпал етіп отыр.
Бекарыс Секен