Глубокое ауданындағы барлық елдімекен орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Эльдар Тумашинов мәлімдеді. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарға тоқталып, биыл жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар туралы айтты.
Бүгінде Глубокое ауданы бірнеше бағыт бойынша тұрақты даму қарқынын көрсетіп келеді. Өңірде өнеркәсіп кәсіпорындары белсенді жұмыс істеп, ауыл шаруашылығы саласы дамып жатыр. Сонымен қатар, инвестициялық жобалар іске асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ауданда кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешенін қолдауға ерекше көңіл бөлінген. Жергілікті шаруашылықтар техникалық паркін жаңартып, өндіріс көлемін ұлғайтып, алдағы ауыл шаруашылығы маусымына дайындалуда. Бұдан бөлек, туризмді дамытуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Туристік салада да оң өзгерістер байқалады. Демалыс орындары жаңғыртылып, жаңа нысандар салынуда. Бұл алдағы уақытта өңірге келетін туристер санын көбейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Табиғаты көркем әрі орналасуы жағынан қолайлы ауданның бүгінде туризмге деген әлеуеті мол.
Эльдар Тумашинов, Глубокое ауданының әкімі:
2026-2028 жылдары бірқатар жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Өнеркәсіп саласындағы перспективалық жобалардың бірі – Алтайский ауылындағы «Ертіс» кешеніндегі екінші кен орнын игеру жобасы. Аталған жобаны жүзеге асыру өнеркәсіптік саланы едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылығы саласында Веселовка ауылында және Быструха ауылында жалпы сыйымдылығы 20 тоннадан асатын астық қоймаларын салу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, аудандағы 36 елді-мекеннің барлығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал, 2024 жылдан бастап Бобровка ауылында су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 48 шақырымнан асатын жобаның құны 1,8 миллиард теңгені құрайды. Биыл бұл жобаны толық аяқтау жоспарланған. Ауданда ифрақұрылым мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жолдар мен көпірлерді жөндеу, инженерлік желілерді жаңғырту және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл шаралардың барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, елді-мекендердің одан әрі дамуына серпін бермек.
Фатима Тілейханқызы