Шығыс Қазақстан бал өндірісі бойынша елімізде көшбасшы өңір. Мұнда өндірілген табиғи бал Еуропаның жиырмадан астам еліне экспортталады. Қазір омарташылар биылғы маусымның алғашқы өнімін алып үлгерді. 

Ерлан Құсайынов - тәжірибелі омарташы. Ара шаруашылығымен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Марқакөлдің алқабы гүлдесе болды, далаға асығады. Жәндіктерін жәшікке жинап, жайлауға аттанады. Ағамыз араның түрін алыстан танимын, әр қайсысының бабын таба білу керек,- дейді.

Ерлан Құсайынов, омарташы:

Араның да күтімі бар. Уақытымен қарап отыру керек. Уақытында керек жарақтарын алдына әкеліп отыру керек. Ауру болып кетпес үшін емдеп, дәрілерін қолданып отыру маңызды. Қандай дәрі керек соны әкеліп уақытында шашып, баптау керек.

Тауда түрлі қауіп те кездеседі. Ерлан ағаның айтуынша, балдың иісін сезген аюлар омарта маңына жиі келеді.

Мамандар табиғи балдың құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мол екенін айтады. Сондықтан бұл өнімге сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал омарташылар үшін жаз мезгілі - ең қарбалас кезең. Өйткені дәл осы уақытта бір жылдық еңбектің нәтижесі көрінеді. Табиғаттың сыйын кәдеге жаратып отырған кәсіп иелері биыл да мол өнім алуға үмітті.

Бекарыс Секен