14 маусым – Дүниежүзілік қан доноры күні. Атаулы күнге орай Өскеменде ауқымды донорлық акция ұйымдастырылды. Дүниежүзілік қан доноры күні – өз қанын өтеусіз тапсырып, өзгенің өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетілетін күн. Бүгінде донорлардың арқасында мыңдаған адам қажетті ем алып, күрделі операциялар мен төтенше жағдайларда өмірін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр.
Мерекелік шараға тұрақты донорлар, медицина қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты. Бағдарлама аясында концерт ұйымдастырылып, донорлықты дамытуға үлес қосқан азаматтар мен серіктестерге алғыс білдірілді. Шараның басты ерекшелігі – 40-тан астам өтеусіз қан және оның компоненттерін тапсырған донорларды марапаттау. Оларға 70 мың теңге көлемінде ақшалай ынталандыру сыйақылары табысталды.
Нұржан Құсайынов, қала тұрғыны:
Қандай да бір қайырымдылық, жақсылық істеуге жарысамыз ғой. Бұл да бір жақсылықтың бір бөлшегі ғой. Жаңа да айтып жатыр 1 емес 3 адамға құйылады екен біздің қанымыз. Мүмкіндік ғой адамның өмір құтқаруға деген бұл. Бір адамның болсын өмірін құтқару мақсатында қан тапсырып жүрмін.
Мамандардың айтуынша, қанға деген қажеттілік күн сайын туындайды. Сондықтан, тұрақты донорлардың қатары көбейсе, көптеген науқасқа дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік артады. Орталықта өткен донорлық акция аясында 100-ден астам адам қан тапсырып, өзгенің өмірін сақтауға үлес қосты.
Серік Сәкенбаев, қала тұрғыны:
Бүгінгі мен тапсырған қан біреудің өмірін сақтап қалса мен өте риза болар едім. Одан артық арман жоқ шығар. Сондай ниетпен келіп отырмыз.
Өтеусіз донорлық қозғалысын дамытуға бағытталған бастама өңірде биылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Шараның мақсаты – тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, қоғамға қан тапсырудың маңызын түсіндіру.
Светлана Шмурыгина, Облыстық қан орталығының директоры:
Биыл мерекені алдын ала өткізуді жөн көрдік. Осыған орай бүгін жаппай қан тапсыру акциясы ұйымдастырылып отыр. Бұл акция халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және өтеусіз донорлықты дамытуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып отыр. Мұндай жоба біздің облыста алғаш рет қолға алынды. Донорлар саны артқан сайын қоғамның да денсаулығы жақсара түседі. Сондықтан, біз өтеусіз әрі ерікті донорлықты дамытуға ерекше мән береміз. Әдетте қан тапсыруға күніне шамамен 50 адам келеді. Бүгін де қатысушылар саны бұдан көп.
Қан тапсыру – денсаулыққа пайдалы. Мамандар жылына кемінде 3 рет қан тапсыруға кеңес береді. Ең бастысы – өзгенің өмірін сақтап қалуға сеп боласыз.
Фатима Тілейханқызы