Самар ауданында жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсімге ие. Ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі артып, құрылыс қарқыны күшейген. Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау мен халықты жұмыспен қамту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Өңірдің даму барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжүменов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Самар ауданы соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Мұнда әлеуметтік нысандар жаңартылып, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға басымдық берілген. Ал Бұқтырма жағалауын дамытуға бағытталған жобалар ауданның туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Бүгінде өңірде демалыс индустриясын дамытуға арналған ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Мұрат Байжүменов, Самар ауданы әкімінің орынбасары:

Қазіргі таңда Самар ауданында 71 демалыс базасы жұмыс істейді. Онда 580-нен астам демалыс үйі мен 2800-ге жуық төсек-орын қарастырылған. Жазғы туристік маусымға дайындық аясында Самар жағалауы мен Бұқтырма су қоймасы аумағының туристік әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен Бұқтырма су қоймасының жағалауында заманауи серуендеу аймағын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар жағалауды абаттандыру мен дамытудың бас жоспары дайындалуда. Жоспарға сәйкес, болашақта демалыс базалары мен коммерциялық нысандар салуға ниетті инвесторлар үшін 300 жер телімін бөлу көзделген.

Туристер үшін қолайлы орта қалыптастыру – негізгі басымдықтардың бірі. Осы мақсатта жағалау аумағында сапалы байланыс пен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 

Мұрат Байжүменов, Самар ауданы әкімінің орынбасары:

Ұялы байланыстың сапасын жақсарту мақсатында «Кар-Тел» акционерлік қоғамымен бірлесіп, жағалау бойына құны 58 миллион теңгені құрайтын антенналық-діңгекті құрылғы орнатылды. Бұл демалушылар мен туристерді тұрақты байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Электрмен жабдықтау мәселесіне келсек, қазіргі уақытта «БЭСК» акционерлік қоғамынан техникалық шарттарды алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ туристік инфрақұрылымның сапасын арттыру мақсатында Миролюбовка ауылында санитарлық-гигиеналық кешен салу жоспарланған. Нысан демалыс базаларына апаратын жол бойында орналасады. Бұл өз кезегінде туристерге қолайлы жағдай жасап, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Самар ауданы тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Көктемгі егіс жұмыстары толық көлемде аяқталып, аграрлық секторда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Ауданда халықты жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері де тұрақты бақылауда. 

Нұртас Қайролдаев