Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында белгілі ақын, Тарбағатай өңірінің тумасы әрі құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аман Кәлетаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған ауқымды шара өтті. Ақынның рухына тағзым етуге оның туыстары, балалары, сондай-ақ әріптестері, достары және зиялы қауым өкілдері жиналды.
Аман Кәлетаев Тарбағатай ауданының Шорға ауылында дүниеге келген. Ол өмірінің басым бөлігін Тарбағатай және Зайсан аудандарында өткізді. Мұнда сауда саласында қызмет етіп, аянбай тер төкті. Дегенмен, шығармашылықтан қол үзбей, бала кезінен әдебиетке жақын болды. Ақынның туғанына 80 жыл толуына орай Ақжар ауылында «Қаламгер және қоғам» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында белгілі жазушылар, ақындар, әдебиеттанушылар мен қоғам қайраткерлері Аман Кәлетаев туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, оның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосуға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Бұл туған елге деген ол кісінің талай шығармасын көріп қарап шықтық. Шынымен де туған елге деген сағынышы, туған елге деген құрметі махаббаты ерекше өлеңдерінде орын алған. Сондықтан бүгінгі кеш өте маңызды біз үшін.
Кездесу барысында ақын шығармашылығын зерттеуге және оның қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесіне арналған баяндамалар жасалды. Сондай-ақ ақынның 80 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Жәннатым елім» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Ұлықбек Есдәулет, ТҮРКСОЙ жанындағы Түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы:
Қазақстанға белгілі ақынға айналды. Өлеңдерінен әндер шығарылды. Ол кіснің 70 жылдық тойында өзі естіді республиканың мықты әншілері сол әндерді айтқанына мен куәмін. Ақжарда Тарбағатай орталығында 80 жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп жатыр деп айтуға болады.
Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы:
Аман Кәлетаев ертеден осы шығыс өңіріне Тарбағтай, Зайсан өңіріне белгілі тұлға болды. Адам ретінде алсақ өте қарапайым кісі еді. Оның бір мен ақынмын деп шіренуі жоқ. Енді өлеңдері шын мәнінде ақынға тән. Ақынның қаламынан шыққан өлеңдер қызық нәрсе тауып ала қояды. Ұршық туралы айтқанда ұршық, ұршық туралы қазақтың ақындарының жазбағаны жоқ. Сол ұршықпен айналып, өз мақсатыма жетемін деген ой айтады.
Бұдан бөлек, «Есіне бір түсермін тірілердің» атты облыстық ақындар фестивалі өтті. Шара ақын Аман Кәлетаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған театрландырылған қойылыммен ашылды.
Дархан Кәлетаев, А. Кәлетаевтың ұлы:
Сауда саласында істегенімен қарамай, осы әдебиетті өте жақсы көрді. Жас кезінен өлең жазды, журналистика факультетіне барып оқуға түсемін деп бірнеше рет түсе алмай, осы сауда саласына кетті. Бірақ өмір бақи менің есімде өлең, қазақ әдебиеті деген ең басты бір мақсаты болды. Зейнетке шыққан кезде, жазушылар одағының мүшесі болсам деп бірнеше рет кітап шығарды осы өлеңдеріне, Жазушылар одағының мүшесі болды.
Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары:
Торқалы тойға қатысып отырмыз. Себебі Тарбағатай өңірінде Тарбағатай орталығы барқытбелдің бауырында Аман Қалетаев дейтін ақын атамыздың 80 жылдық мерейтойына қатысып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.
Мерейтойлық шара «Тарбағатайға тағзым» атты гала-концертпен түйінделді. Кеште эстрада жұлдыздары – «МузАРТ» тобы, Тоқтар Серіков, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарагөз Сүлейменова, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов және әнші Апош Сарбаз өнер көрсетті. Аман Кәлетаевтың рухына арналған әсерлі әндер мен тағылымды шығармалар аудан жұртшылығына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Гүлдана Айдарқызы