Күршімде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң серпін байқалады. Қол жеткізілген нәтижелер мен өзекті міндеттер туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Сымбат Дүйсенғазин ақпарат берді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ауданда әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің барлығында өсім тіркелді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 млрд теңгеден асып, өңдеу өнеркәсібі 9 млрд. теңгеден жоғары көрсеткішке жетті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты даму байқалады.

Сымбат Дүйсенғазин, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Күршімнің шаруашылық иелері мал басын мал басын асылдандырудан бөлек, бордақылауға сатуға шығаруға жұмыстарды өте жақсы деңгейде атқарып отыр. Бүгінде ауданда 1000 басты қамтитын 3 бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Бұл тұрғындарға өте қолайлы. 

Күршім ауданы балық өнімдерімен де кеңінен танымал. Бүгінде аталған салада 51 жеке шаруашылық жұмыс істейді. Ауданда көктемгі егіс жұмыстары жүргізілді. Биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі 22,7 мың гектарды құрады. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 1202 гектар, майлы дақылдар – 1050, бақша дақылдары – 605, көкөністер – 320, картоп – 625, мал азықтық дақылдар – 20 мың гектар.

Сымбат Дүйсенғазин, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Жыл басынан бері 9 кәсіпкерге 117 млрд 900 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Осы орайда ерекше «Ауыл аманаты» бағдарламасына алғысымды айтқым келеді. Бағдарлама арқылы көптеген кәсіппен айналысушы азаматтарға өте көмек жасалып, ауданымызда жұмыс көздері ашылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң нәтижесін беріп жатыр. 

Аудан халқының медициналық көмегін аудандық аурухана, 3 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік, 13 медициналық пункт және жеке ғимаратта жұмыс істейтін 1 медициналық қызметкер көрсетеді. Денсаулық сақтау саласында жалпы тәжірибелік дәрігер, сондай-ақ офтальмолог, кардиолог және эндокринолог сияқты бейінді мамандар тапшы. Қазіргі уақытта офтальмолог, кардиолог және эндокринолог лауазымдарында зейнеткерлік жастағы мамандар қызмет атқаруда.

Сымбат Дүйсенғазин, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Біз осы олқылықтың алдын-алу үшін Семей қаласындағы жоғарғы оқу орнын білесіздер, жыл сйаын сол жерге жұмыс тобымен барып, дәріс алушы студенттермен кезігіп, Диломмен-ауылға деген бағдарламаны ұсынып, былтыр да келген. Биыл да сол бағдарлама аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз.

Күршім ауданының құрамына жеті ауылдық округ кіреді. Олардың әрқайсысында алғашқы медициналық көмек көрсететін медициналық пункттер бар. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен медициналық ұйымдарға заманауи мамандандырылған автокөліктер берілді, сондай-ақ төтенше жағдайларда науқастарды облыс орталығына жеткізетін санитарлық авиация іске қосылды.

Аяулым Усинова