Өскемендегі «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында жергілікті тауар өндірушілердің ауқымды көрмесі өтті. Мұнда «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқаулары ұйымдастырылды. Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, өңір кәсіпкерлерінің өнімдерімен танысты.
Көрменің мақсаты – отандық өнімнің сапасын арттыру, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Биылғы шараға облыстың 100-ге жуық кәсіпкері қатысып, өз өнімдері мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мұндай көрмелер отандық кәсіпорындардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға, сапалы өнімдерді делдалсыз өндіруші бағасымен сатуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл көрме Отандық жергілікті кәсіпорындардың жетістіктерін кеңінен таныстыруға, сапалы өнімдерді өзінің бағасымен ұсынуға, өндірістік әлеуетті одан әрі дамытуға жол ашатын бірден-бір үлкен алаң болып отыр.
Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірдің 7 кәсіпорны өнім сапасы жағынан республикалық байқауларда жоғары марапаттарға ие болған. Бұл өңір кәсіпкерлерінің кәсібилігі мен тұрақты дамуға деген ұмтылысының айқын көрінісі. Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының 2025 жылғы лауреаттары қатарында үздік кәсіпорын атанған «Силумин-Восток» және азық-түлік пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша «Эмиль» серіктестіктері бар. Түрлі салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер көрмеде өз өнімдерін ұсынды.
Сандуғаш Айтқажықызы, жеке кәсіпкер:
Бала күнімнен бері шешемнің жалғастырып келе жатқан сабындарын ары қарай жасап, Қазақстан көлемінде дамытып жатырмын. Қара сабынның қаншалықты танымал екенін көріп, өзім де қуанып жатырмын. Мұны ары қарай дамытып, істесек деген ниетпен осындай көрме сайысына қатысып жатырмыз.
Келушілер тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, машина жасау, жиһаз өндірісі, халық тұтынатын тауарлар мен қолөнер бұйымдарымен танысты. Әлия Адамова – «Рауан» ЖШС директоры. Кәсіпкер ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған арнайы киім үлгілерін таныстырды. Мұндай өндірістің Қазақстанда баламасы жоқ. Байқау қорытындысы бойынша ол «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында бірінші орын иеленді.
Әлия Адамова, «Рауан» ЖШС директоры:
Біздің тауар әралуан. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналғандары да бар. Қысқы, жазғы, көктемгі, күзгі киімдер, аяқ киімдер мен қолғаптарға дейін шығарамыз. Біздің жұмысымызға облыс әкімі назар аударды. Қолдау көрсетілетінін айтып, алдағы уақытта көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Өңірлік кезең қорытындысы бойынша облыстың үздік кәсіпорындары анықталып, олар Шығыс Қазақстан атынан Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Онда кәсіпорындар елдің үздік өндірушісі атағы үшін бақ сынап, өңір жетістіктерін «Қазақстанда жасалған» ұлттық бренді аясында таныстырады. ШҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, бұл байқау отандық өндірушілерді қолдаудың және өңірлік брендтердің танымалдылығын арттырудың тиімді құралына айналған.
Қайрат Мамырбаев, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:
Жыл сайын кәсіпкерлердің белсенділігі артып келеді. Өткен жылы өңірлік байқауға шамамен 90 қатысушы қатысса, биыл 103 кәсіпкер өтінім берді.
Бұдан бөлек, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асырып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік көрмесіне облыстың барлық дерлік ауданынан 40-тан астам қатысушы өз өнімдерін әкелді. Сарапшылар олардың арасынан 20 жартылай финалисті іріктеп, кейін үздік 10 жоба анықталады. Жеңімпаздар гранттық байқауға қатысып, 5 миллион теңгеге дейін қаржылай сыйақыға үміткер бола алады. Көрмеде келушілерге бал өнімдері, емдік шөп шайлар, ұлттық музыкалық аспаптар, киім-кешек, киіз және табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қымыз бен сүт өнімдері, ағаштан жасалған бұйымдар мен тұрмыстық сәндік заттар ұсынылды.
Фатима Тілейханқызы