Өскеменде дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы Күршім ауданының жеті ауылдық округінен келген шаруалар өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкенің басты жаңалығы – инвестициялық жоба аясында іске қосылған жаңа жылыжай кешенінде өсірілген жергілікті көкөністердің сатылымы. Бағасы қолжетімді, сапасы жоғары өнім тұрғындардың ерекше сұранысына ие болды.

Жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың. Өскемен тұрғындары мен қала қонақтары ет, балық, бал және көкөніс өнімдерін молынан ұсынған сауда алаңына ағылды. Бағаның нарықтан төмен болуы сауданың қызуына себеп, дейді келушілер.

Күршім ауданының кәсіпкерлері жәрмеңкеде 7,5 тоннадан астам ет өнімін сатылымға шығарды. Тауарлардың басым бөлігі күннің бірінші жартысында-ақ сатылып үлгерген. Облыс орталығының тұрғындары нарық бағасынан 20–30 пайызға төмен бағада балғын өнімдерді сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Ришат Искаков, Күршім аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Сиыр еті, жылқы еті, қой еті, сондай-ақ 500 келі бал, жылыжай өнімдері мен ұлттық тағамдар жәрмеңкеге шығарылды. Таңғы сағат алтыдан бастап сауда-саттықты бастадық. Қазіргі уақытта өнімдердің басым бөлігі сатылып үлгерді. Мұндай жәрмеңкелерді ауданымызда да тұрақты түрде өткізіп келеміз. Бағаны тұрақтандыру үшін осындай шараларды ұйымдастырудың маңызы зор.

Жәрмеңкенің басты жаңалығы – «ДЕЕН» ЖШС өнімдерінің таныстырылымы болды. Кәсіпорын аудан орталығында енді ғана іске қосылған жаңа жылыжайдың көкөністерін алғаш рет облыстық сауда алаңына алып шықты. Қазіргі таңда 7 мың шаршы метрді құрайтын кешенді алдағы уақытта 15 мың шаршы метрге дейін ұйлғайту жоспарланған.

Арман Имаш, жылыжай қызметкері:

Өткен жылы ауданымызда жылыжай салу бойынша инвестициялық жоба басталған болатын. Биыл алғашқы өнімімізді нарыққа шығарып отырмыз. Жәрмеңкеге қияр, қызанақ, шалғам, көк пияз, және кәді әкелдік. Барлық өнім көтерме бағамен, тіпті одан да төмен бағамен сатылуда. Өнімдердің барлығы жаңа піскен. Түнде жиналып, таңертең жәрмеңкеге жеткізілді. Тұрғындардың сұранысы жоғары. Мәселен, қызанақтың барлығы қысқа уақытта сатылып кетті.

Бұл жобаның іске қосылуы аудан аумағындағы көкөніс бағасының төмендеуіне оң әсер етті. Нарықтағы бағаны тұрақтандыруға бағытталған бастама тұрғындар үшін өнімнің қолжетімді болуына мүмкіндік беріп отыр.

Мейржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:

Күршім ауданында қиярдың бағасы облыс бойынша ең төмен деңгейде. Бір келісі 450 теңгеден сатылуда. Аудандағы сауда орындарымен меморандум жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жылыжай өнімімен алдымен аудан тұрғындарын, кейін көршілес аудандар мен облыс орталығын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жәрмеңкеде ет өнімдеріне де қолжетімді баға белгіленді. Жылқы еті мен сиыр еті келісіне 3800 теңгеден сатылса, балықтың бағасы түріне қарай 2 мыңнан 2 жарым мың теңгеге дейін жетеді.

Жәрмеңкеде балық өнімдеріне де сұраныс жоғары болды. Күршім ауданынан облыс орталығына бір тоннадан астам балық жеткізіліп, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынылды.

Елжан Мұхтарханов, Қалғұты ауылдық округінің әкімі:

Қалғұтты ауылдық округінен жалпы 650-700 келі ет өнімдерін алып келдік. Үш шаруа қожғалығы қатытысып отыр. Енді нарық бағасынан 15 пайыз төмен саудалануда. Өте тиімді еттің күйі жақсы. 

Күршімдік шаруалардың өнімдері бұл жолы да тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды. Ауыл еңбеккерлері ұсынған табиғи әрі сапалы өнімдер аз уақыттың ішінде сатылып, жәрмеңкенің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал мерекелік концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Нұртас Қайролдаев