Ұлан ауданындағы Тайынты өзенінің жағасында орналасқан балаларға білім беру және сауықтыру орталығында жазғы маусымның салтанатты ашылуы өтті. Табиғаты тамылжыған өлкеде бас қосқан жеткіншектер мұнда тамыз айының соңына дейін демалады.

Мерекелік шараға Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов, Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбек, жоғары оқу орындары, түрлі ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қонақтар балаларды жазғы сауықтыру маусымының ашылуымен құттықтады.

Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:

Ең бастысы сіздерге тілейтінім денсаулық, болашақта аман азамат болыңыздар. Балапандарымыз аман болсын, сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтаймын. 

Әлима Ақылбек, Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Бұл маусым жылда осы шығармашылықпен осы орталықта өте жақсы көңіл күймен өтеді. Бұл орталықтың жалпы балалары өте шығармашыл. Барлық жағынан талантты.  

Салтанатты жиын орталық тәрбиеленушілерінің шығармашылық бағдарламасымен басталды. Балалар ән айтып, би билеп, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Тау баурайындағы көркем табиғат аясында орналасқан орталықта балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

Аннель Тлеулесова, «Царская долина» білім беру-сауықтыру орталығының басшысы:

Балалар осы жерде жаз бойы демалып, үш ай бойы, керемет әсер алады. Күнделікті бізде спорттық, шығармашылық, пайдалы іс шаралар жүреді. Осы жерде бізде спорт алаңы, ойын алаңы, біздің аумақта монша бар. Екі ғимарат бар. Амфитеатр бар. Ауланың көлемі өте үлкен, балаларға өте жақсы. Жүгіріп жүріп, күні бойы ойнап, серуендеп, демалып қайтады. 

Орталықта шығармашылық және қосымша білім беру бағыттары да кеңінен қамтылған. Вокал, хореография сынды үйірмелер балалардың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға бағытталған.

Евгений Выблов, «Царская долина» білім беру-сауықтыру орталығының педагогі:

Бұл күнді балалар да, біз де асыға күттік. Себебі жазғы маусымның шымылдығын ашып отырмыз. Балалар түрлі байқаулар мен турнирлерге қатысып, жаңа достар табады. Біз олардың жан-жақты дамуына ғана емес, қауіпсіздігіне де ерекше мән береміз.

 «Царская долина» орталығында жазғы маусым ресми түрде ашылды. Енді жеткіншектерді алда жаңа достар, таусылмас қызықтар мен ұмытылмас демалыс күтіп тұр.

Кәусар Идаятқызы