Тарбағатай аудандық ауруханасында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жаңғырту аясында емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, науқастар мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, жаңа бейінді кабинеттер ашылды.

Күрделі жөндеуден кейін емхана келушілер үшін бұрынғыдан да жайлы әрі заманауи медициналық мекемеге айналды. Бүгінде мұнда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, колл-орталық, күту залы, жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттің, қант диабетінің және демікпенің алдын алу мен бақылауға арналған денсаулық мектептері жұмыс істейді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ақжар ауылында жалпы тәжірибелік дәрігер орталығы өз жұмысын бастады. Бүгінде оған 6 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Орталықта ауыл халқы тұрғылықты жеріне жақын жерде медициналық қызметтердің түрлерін ала алады.

Меруерт Сейтқазина, Тарбағатай аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Учаскелік дәрігер емес, қазір отбасылық дәрігер деген сөз бар. Отбасылық дәрігер дегеніміз ол бала дүниеге келгеннен бастап ол өседі, үлкен азамат, азаматша болады, қызмет істейді. Содан кейін қарт адам болады, пенсияға шығады. Өмірінің барлық этапында бар адамда өзінің отбасылық сүйікті дәрігері болған дұрыс. 

Жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі – заманауи цифрлық технологияларды енгізу. Емхананың диагностикалық жабдықтары медициналық кескіндерді сақтау мен жедел алмасуға мүмкіндік беретін бірыңғай PACS жүйесіне біріктірілді. Бұл мамандарға зерттеу нәтижелерін жылдам алуға, деректермен жедел алмасуға және науқастар үшін диагностика сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Айгерім Әбішева, Тарбағатай аудандық ауруханасының сәулелік диагностика дәрігері:

Тұғыл ауылында орналасқан флюрографиялық аппарат PACS жүйесіне қосылған. Яғни мен рентгенолог сол зерттеулерді Ақжар ауылында отырып қарай аламын. 

Емделушілердің айтуынша, мұндағы медициналық қызметтің сапасы қаладағы мекемелер деңгейіне жеткен әрі тұрғындар үшін қолжетімді. 

Айым Сайлаубекқызы, аудан тұрғыны:

Біздің Ақжар ауылымыз көркейіп келе жатыр. Аудан басшылығына рахмет. Және де біздің орталық ауруханамыз көркейіп келе жатыр. Заманауи жабдықтармен жабдықталған. 

Жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының арқасында ауылдық денсаулық сақтау жүйесі жаңа деңгейге көтерілуде. Ал аудан тұрғындары ауруханада дер кезінде медициналық тексеруден өтіп, сапалы ем алу мүмкіндіктеріне ие болды.

Аяулым Усинова