Тарбағатай ауданында бүгінде 28 елді мекеннің барлығы таза ауыз сумен қамтылып, ауыл көшелерінің 95 пайызы жарықтандырылған. Сонымен қатар, биыл 70 шақырымнан астам жол жөнделіп, ауылдар балалар ойын алаңымен қамтылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев мәлімдеді.
Тарбағатай ауданы бүгінде тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, ауқымды инвестициялық жобаларымен де ерекшеленіп келеді. Соңғы бір жылдың өзінде аудан экономикасына 28 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Себебі, ауданда құны 216 млрд. теңгені құрайтын тау-кен байыту комбинатын салу жоспарда бар. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен су порты және теміржол құрылысы қолға алынбақ. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек.Қазіргі таңда бірқатар ауылдарда су жүйелерін жаңғырту және орталықтандырылған құбыр желілерін тарту жұмыстары жалғасуда.
Дархан Жөргекбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
Аудандағы 28 елдімекеннің барлығы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2025 жылы 10 жобаға 1млрд 78 млн теңге қаражат бөлінген. Атап айтсақ Құйған, Жаңаауыл ауылыдарындағы ауыз су жүйесі қайта жаңғыру жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Асусай, Шорға ауылдарында орталықтандырылған су құбырлары мен су жинау резервуарларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа ауыл округіне қарасты Жаңа талап ауылы толығымен ауыс сузмен қамтылды.
Тарбағатайдағы ауыл шаруашылығы саласы жаңа технологиялармен толықтырылып, агроөндіріс қарқынды дамып келеді. Ауданда су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Тарбағатай Агро» компаниясы арқылы суармалы жерлерді кеңейту және жаңбырлатып суару жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дәстүрлі бағыттан жоғары технологиялы өндіріске кезең-кезеңімен көшіруге жол ашпақ.
Дархан Жөргекбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:
Сонымен қатар Тарбағатай агро компаниясы құрылды. Мұнда берліген 2300 га. Қазір соның 600 га суару бойынша 1млр 400млн теңге көлемінде инвестиция салынуда. Бұны жүйеге келтіріп келесі жылға егістік жұмыстарын бастап келеміз деп ойлап отырмыз. Сонымен қатар Жеңіс ауыл шаруашылық компаниясы құрылды. Ол 6300 кв метрді жерді құрайды. Қазақстандық компания қазір Қытайлық компанияға қытайлық технологияларды еңгізуге берді. Ол жерде тамшылатып суары жүйесі еңгізілетін болады. Ол жерде жүгері күнбағыс және мал азықтары істейтін болады.
Жалпы, Тарбағатай ауданында инфрақұрылым жаңарып, ауыл шаруашылығы жаңа технологиялармен толықтырылуда. Ал әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы жылдары ауданның даму қарқынын күшейтетін жаңа жобалар да жоспарланып отыр.
Нұртас Қайролдаев