1500 жас өрен биыл өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосады. Бұл – «Jasyl el» жастар еңбек жасақтарының басты көрсеткіші. Жалпы, «Jasyl el» – тек маусымдық жұмыс емес. Бұл – жастарды еңбекке баулып, олардың бойында жауапкершілік пен туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыратын ауқымды әлеуметтік бастама.
Темірлан Базылханов, Облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары:
ШҚО 2026-2027 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөнінде өңірлік стратегия қабылданып, жүзеге асырылуда. Осы стратегия аясында облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың қолдауымен жасыл ел сарбаздарының квотасы ұлайтылды. Жоба аясында облыстың екі қаласы мен барлық аудандарында 1500 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Алғашқы еңбек легінде олардың 455-і еңбек қызметіне кірісті.
Биыл еңбек жасақтарына 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер, жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және NEET санатындағылар тартылуда. Ерекшелігі сол, биыл жобаға Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының «Күш бірлікте» әлеуметтік-тәрбиелік бастамасына қатысушы жасөспірімдер де қосылған. Мамандардың айтуынша, бұл жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Нұрасыл Елубаев, «Jasyl el» жастар еңбек жасақтарының ШҚОФ жоба менеджері:
Еңбек қауіпсіздігі мен қолайлы жұмыс жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында жасақ мүшелері арнайы жұмыс киімдерімен қамтылуда. Қазіргі уақытта жастарға аяқ киім, шалбар және арнайы үстіңгі киімдер беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, «Jasyl el» жобасы Шығыс Қазақстанда жастарды маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Нұртас Қайролдаев