Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, салалық басқармалар мен департамент басшылары қатысты. Күн тәртібінде инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірге инвестиция тарту, сүтті мал шаруашылығын дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері қаралды.

Туризм және инвестиция басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында май өңдеу зауыттарын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өндіріс орындарын жаңғырту және қонақүй бизнесін дамыту жобалары бар. Туризм саласындағы ауқымды жобалардың бірі - құны 8 млрд. теңгені құрайтын 218 орындық «Wellness Resort кешенінің құрылысы. Сонымен қатар, Катонқарағай ауданында «Pana Asia» компаниясы 10 млрд. теңгеге туристік ауыл салуды көздеп отыр. Ал, Өскеменде халықаралық деңгейдегі «Hilton Garden Inn» қонақ үйі бой көтермек. Жобаның жалпы құны – 17 млрд.теңге.

Ирина Смит, облыстық Туризм және инвестиция басқармасы басшысының м.а.:

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған шетелдік инвестиция көлемі 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,1-ге артық. Осылайша, Шығыс Қазақстан елде инвестиция тарту көрсеткіші бойынша бесінші орынға жайғасты. Қазір шығыста жалпы құны 74 млрд. жуық теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның бесеуі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл инвестициялық пулға жалпы құны 320 миллиард теңгеден асатын 23 жаңа жобаны енгізу жұмыстары жүргізілді. 

Жиында өңірдегі сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселесі де талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде 369 мың бас ірі қара мал бар. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға жоғары көрсеткіш. Қазір облыста жылдық қуаттылығы 207 мың тоннадан асатын 13 сүт өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндірісін 36 пайызға арттыру көзделген. Ал жыл соңына дейін ірі қара мал санын 5 пайызға көбейту міндеті тұр.

Ажар Қаджибекова, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

2026-2028 жылдары жалпы қуаттылығы 5 мың басқа дейін болатын 6 ірі сүт фермасын салу жоспарланған. Сондай-ақ, сүт өңдеу кешені салынып жатыр. Сонымен қатар, ірімшік цехын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Әкімдік отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы жағдай да сараланды. 

Андрей Троеглазов, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының м.а.:

Жыл басынан бері тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 1272 шағым түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп. Нәтижесінде, азаматтарға 43 миллион теңге қайтарылды. 

Жиын соңында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов инвестициялық жобалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. 

Фатима Тілейханқызы