Риддерде Медицина саласы қызметкерлері күніне жиын өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Мерекелік жиында келушілерге концерттік бағдарлама мен қатар адам жанын арашалап қалып жүрген маман иелеріне көңілді кеш пен ұштасқан ойын сауық бағдарламалары ұсынылды.
Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Құрмет» орденін алған Серік Мұхамеджанов аталған салаға сіңірген еңбегі ел алдында еленгеніне қуанышты. Ол барша ақ халатты абзал жандарды төл мерекемен құттықтады.
Серік Мұхамеджанов, облыстық онкология және хирургия орталығының бөлімше меңгерушісі:
Мен онколог-хирург ретінде 30 жылдан бері еңбек етіп келемін. 1995 жылы Семей қаласындағы медицина институтын тәмамдағаннан кейін біздің ауруханаға жұмысқа келіп, еңбек жолымды бастадым. «Құрмет» орденімен марапатталдым. Алайда бұл марапатты тек өзімнің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың еңбегінің жемісі деп санаймын. Орталығымыздағы әріптестерімнің ауызбіршілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында осындай жоғары марапатқа ие болып отырмын. Сондықтан бұл орден баршамызға ортақ марапат деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, үздік мамандарға Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградалары, «Құрмет» грамоталары табысталды. Ал облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қосқан үлесі үшін бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Шұға Қамшыбаева, облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер наркологі:
Өскемен қаласынан облыстық наркология бөлімінен келдім, онда жұмыс өтілім 37 жыл енді бүгінгі марапатқа өте қуаныштымыз. Осы біздің еңбегімізді едлеп ескеріп жатқанға үкіметке көптен көп рақмет.
Забира Қашағанова, Ана мен бала орталығының Көз микрохирургиясы бөлімінің аға мейіргері:
Бүгін еңбек ардагері медальімен мараптталдым, осы салад істеп жүргенімеи 43 жыл болды. Істейтін жерім ана-мен бала орталығы, көз микро хирургия бөлімінің аға мейіргерімін.
Аймақ басшысы медицина саласы мамандарының ел денсаулығын сақтаудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде дәрігерлерді әлеуметтік қолдау, кадр тапшылығын азайту және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамыту, дәрігерлерді барынша қолдау - мемлекеттің маңызды міндетінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта өңірде де кешенді әрі жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, адам өмірін сақтап қалу жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетілді.