Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батжаргал Гунаажавынмен кездесті. Басқосуда екіжақты ынтымақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, өңірлер арасындағы әріптестік жобаларды кеңейту мәселелері талқыланды.
Моңғолия Елшісі облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, Өскемендегі «Pro Сүт'26» V халықаралық ауыл шаруашылығы форумының жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді. Кездесуде тараптар өзара сауда-саттықты дамыту мақсатында іске қосылатын Өскемен – Баян-Өлгей бағытындағы тікелей әуе рейсінің маңызын атап өтті. Бұдан бөлек, Ресей Федерациясы арқылы өтетін жаңа автокөлік бағыттарын ашу мәселесін талқылады.
Батжаргал Гунаажавын, Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
Қазақстан Республикасындағы Моңғолияның Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қызмет атқару – мен үшін зор құрмет. Достас әрі бауырлас Қазақстан мен Моңғолия арасындағы стратегиялық серіктестік пен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы студенттер арасында тағылымдамалар мен академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, «Транс-Алтай» экотуризм жобасын ілгерілету жайлы сөз етілді. Батжаргал Гунаажавын Нұрымбет Сақтағановты Ховд аймағына жұмыс сапарымен келуге шақырды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Моңғолия – біздің жақын көршіміз әрі сенімді серіктесіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі түрде өзара құрмет, сенім және тату көршілік қағидаттарына негізделген. Ынтымақтастықты дамытудағы маңызды оқиғалардың бірі – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары болды. Осы жылдың 10 маусымында Қытайдың Алтай қаласында Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаярмен кездестім. Келіссөздер барысында көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыға салынды.
Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 91,8 мың АҚШ долларын құрады. Өңіріміз Моңғолияға физикалық және химиялық талдау жүргізуге арналған жабдықтарды экспорттайды.
Гүлдана Айдарқызы