Өңірде ауыл шаруашылығына қажетті жем түрлерін өндіретін кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде оның өнімдері Шығыс Қазақстан облысының тұтынушыларына және еліміздің басқа аймақтарына жеткізіледі. Мұндағы мамандар өндіріс көлемін ұлғайтып, нарыққа жаңа өнім түрлерін тұрақты түрде шығарып келеді.
Бұл өндіріс 2008 жылы іске қосылған. Осы уақыт ішінде өнім түрлерінің саны 50 атауға дейін артты. Мұнда үй жануарларына да, мал шаруашылығына да арналған азық өндіріледі. Әрбір өнім құрамын мамандар жіті зерттеп, бақылайды. Жануарлардың жас ерекшелігі де ескеріледі.
Алексей Приказов, Өндірістің операциялық қызмет жөніндегі басшысының орынбасары:
Біз шағын және орта деңгейдегі шаруашылықтарды сапалы жеммен қамтамасыз етеміз. Өнімдер желісінде ірі қара малға және ауыл шаруашылығы құстарына арналған құрама жем түрлері бар. Атап айтқанда, күркетауыққа, бөденеге, тауықтарға арналған жем өндіріледі. Сонымен қатар, қояндарға, жылқыларға және ұсақ малға арналған құрама жемдер шығарамыз.
Үш жыл бұрын зауытта жаңа бағыт ашылып, мысықтар мен иттерге арналған құрғақ жем шығарыла бастады. Сұраныс жоғары болғандықтан, қазіргі уақытта бұл желі жаңғыртылып, алдағы уақытта – ылғалдылығы жоғары өнім шығару жоспарда бар. Цех күніне 10 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы.
Арман Бекқазин, аға оператор:
Қазіргі уақытта біз үй жануарларына арналған өнім түрлерін дайындаймыз. Ол 10 келілік қаптарға қапталады. Оның ерекшелігі – әр өнім түрінің қоректік құрамы әртүрлі болады. Соған сәйкес балық майы, құрғақ және сұйық хош иістендіргіш қоспалар және де басқа да қажетті заттар қосылады. Дайын өнімнің барлығы зертханаға тексеруге жіберіледі. Егер өнім сапа талаптары мен белгіленген нормаларға толық сәйкес келсе, онда қапталып, сатылымға шығарылады.
Кәсіпорын аумағында екі ерекше «қызметкер» – Манчо мен Панчо атты мысықтар тұрады. Бір кездері олар осы жерден өз баспанасын тапса, бүгінде жаңа өнімдердің алғашқы дәмін олар бірінші көреді.
Бүгінде нарық үшін сапа маңызды. Әрбір жануар түрі мен оның жас ерекшелігіне қарай өзіндік қоректік заттардың теңгерімі қажет. Жемнің сапасы мен құрамына жануарлардың денсаулығы, дамуы және өнімділігі тікелей байланысты. Сондықтан кәсіпорында сапаны анықтайтын көпсатылы бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Шикізаттан бастап, дайын өнім түрлері толық тексерістен өтеді.
Мөлдір Самбаева, зертханашы:
Біз үшін шикізат пен дайын құрама жемнің қоректік құрамын сипаттайтын көрсеткіштер аса маңызды. Оларға ақуыз, майлылығы, ылғалдылығы жатады. Міндетті түрде қауіпсіздігіне аса назар аударамыз. талдау жұмыстары зерттеудің түріне байланысты. Жедел дайын болатын зерттеу жұмыстары бірнеше минуттан 1 сағатқа созылуы мүмкін. Ал күрделі зертханалық жұмыстар бірнеше уақытты алады. Дегенмен әрбір өнімнің сапасы қамтамасыз етіледі.
Бұл бройлер өсірумен айналысатын ферма. Мұнда құстардың күнделікті тамақтану кестесі бекітілген. Мәселен, балапан тәулігіне орта есеппен 15–20 грамм жем тұтынса, ересек тауық 200 грамға дейін жейді. Мамандардың айтуынша құстарға күн сайын 400 келіге дейін жем беріледі.
Евгений Павлов, кәсіпкер:
Біз бұл жемді құсты алғашқы күнінен бастап сою салмағына жеткенге дейін азықтандыру үшін пайдаланамыз. Құс жемді жақсы жейді және оны толық тұтынады. Жем үш кезеңге бөлінеді: стартер, өсіру кезеңіне арналған жем (гроуер) және мәрелік жем (финишер). Құстың даму кезеңдерінің барлығында бұл жем қолданылады. Өнім өндіруші көрсеткен сипаттамаларға толық сәйкес келеді.
Бүгінде кәсіпорын аумағын кеңейтіп, өнім өнімділігін арттыру мақсатында жоспарлы жұмысты жүзеге асыруда. Бұл азаматтардф тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл шаруашылығы үшін маңызды саланың одан әрі дамуына ықпал етеді.
Салтанат Кеңесбекқызы