Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Беларусь, Тәжікстан елдерінің, Грузияның Төтенше және Өкілетті Елшілерімен кездесті. Жиын барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Шығыс Қазақстан мен достас мемлекеттер арасындағы әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылады.
Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богдановпен өткен кездесуде тараптар өзара ынтымақтастықты дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті нығайту және Могилев облысы делегациясының өңірге жоспарланған сапарына дайындық мәселелерін талқылады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өңіріміздің агроөнеркәсіптік кешені жоғары әлеуетпен жұмыс істеп келеді. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Сонымен қатар, майлы дақылдарды өсіру, ет және сүт өнімдерін өндіру салаларына ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Шығыс Қазақстан кәсіпорындары мен Беларусь Республикасы арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндіктер бар.
Беларусь елшісінің айтуынша, екіжақты әріптестік тұрақты дамып келеді және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Алексей Богданов, Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:
Сіз өте дұрыс атап өттіңіз, өткен жылы біздің елдер арасындағы тауар айналымы өсті. Биылғы жылдың көрсеткіштері де өсімнің жалғасып жатқанын байқатады. Төрт айдың қорытындысы бойынша экспорт пен импорт көлемі артып келеді. Ең бастысы, сауда-саттық екіжақты сипатқа ие. Яғни Беларусьтен Қазақстанға жеткізілетін экспорт көлемі де, Қазақстаннан Беларуське жөнелтілетін экспорт көлемі де өсуде.
Сондай-ақ өңір басшысы Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен кездесті. Елші облысқа алғаш рет сапармен келді. Ол ШҚО әкіміне жылы қабылдауы мен қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, өңірде өтіп жатқан «PRO сүт» және «PRO ет» халықаралық форумдары аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндіктері туралы айтты.
Хайрулло Ибодзода, Қазақстан Республикасындағы Тәжікстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:
Аталған іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өткім келеді. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде бұл форум ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, өңдеуші кәсіпорындар, инвесторлар және заманауи технология жеткізушілері арасындағы кәсіби диалогқа арналған беделді халықаралық алаңға айналды. Әсіресе, форумның сүтті мал шаруашылығын дамыту, инновацияларды енгізу және агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру мәселелеріне арналуы маңызды. Бұл бағыттар бүгінгі таңда біздің елдер үшін аса өзекті.
Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның әрдайым жаңа бастамаларға ашық екенін және Тәжікстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ өңір басшысы Қазақстан Республикасындағы Грузияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидземен кездесті. Облысқа алғаш рет келген елші түрлі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық бар екенін атап өтті.
Леван Диасамидзе, Қазақстан Республикасындағы Грузияның Төтенше және өкілетті елшісі:
Менің ойымша, дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін қазір бізде ең жақын әрі тығыз байланыстар қалыптасты. Себебі барлық деңгейде ынтымақтастық бар. Премьер-министр өткен жылы тағайындалғаннан кейін алғашқы ресми сапарымен Қазақстанға келді, ал бұл грузин тілінде өте үлкен мәнге ие. Өңірдің өзі біз үшін өте қызықты, ал біздің ең басты серіктесіміз – Қазақстан. Біз мұны ашық айтамыз, өйткені барлық деңгейде ең тығыз қарым-қатынастарымыз Қазақстанмен қалыптасқан.
Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, тараптардың екіжақты байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін және өңірдің әлеуетін таныстырды. Айта кету керек, 2025 жылы ШҚО мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2,2 млн АҚШ долларына жуықтады.