Облыс орталығында «PRO ЕТ 26» халықаралық форумы өтті. Ауқымды шараға Қазақстан мен шетелдерден келген фермерлер, ет өңдеу саласының өкілдері, инвесторлар және сарапшылар қатысты. Форум барысында етті мал шаруашылығын дамыту, заманауи агротехнологияларды қолдану және саланың экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Облыс орталығында өткен шараға қатысушылар екі күн бойы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа тәсілдерін, шаруашылықтардың өнімділігін арттыру жолдарын және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелерін талқылады. Форум барысында пленарлық отырыстар, тақырыптық пікірталастар мен табысты жобалардың таныстырылымдары болды. Сонымен қатар инвестиция тарту мүмкіндіктері мен экспорттық нарықты дамытуға қатысты ойлар ортаға салынды. 

Нұрлан Мұхамеджанов, «Агро Индустрия KZ» ЖШС директоры:

«Бұл шараның Шығыс Қазақстан облысында өткеніне қуаныштымыз. Себебі бизнес қауымдастығы тарапынан форумға деген қызығушылықтың жоғары екенін байқадық. Шығыс Қазақстан облысы майлы дақылдарды өсіру және күнбағыс майын өндіру бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Сонымен қатар өңірде әлі де толық игерілмеген зор әлеует бар деп есептеймін. Әсіресе сүтті мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өңдеу салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Форум халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің 12 елінен келген 45-ке жуық спикер қатысты. Олардың барлығы – өз саласының білікті мамандары мен жоғары деңгейдегі сарапшылары.

Форумда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, етті ірі қара мал шаруашылығының өркендеуі селекциялық жұмыстардың сапасы мен асыл тұқымды мал өсіру бағдарламаларының тиімділігіне тікелей байланысты. Бүгінде мұндай бағдарламалар елдің өзге өңірлерінде табысты жүзеге асырылуда.

Бахтияр Өтелбай, Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының атқарушы директоры:

 «Біздің қауымдастықтың 1000-нан астам мүшесі бар. Бүгінде Қазақстан бойынша қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малының саны 745 мың бастан асады. Біз Маңғыстау облысынан бастап Шығыс Қазақстан облысына дейінгі барлық өңірлерде жұмыс істейміз.

Форум аясында қатысушылар өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының біріне барды. Соңғы үлгідегі заманауи технологиялардың көмегімен өңделетін өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға бағытталған жұмыс барысымен танысты. 

Фарид Әбітаев, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры:

 «Форум аясында қатысушылар біздің шаруашылыққа арнайы келіп, мал азығын дайындау барысымен танысты. Егіс алқаптарында және фермада жүзеге асырылатын технологиялық жұмыстарды көрсеттік. Сондай-ақ селекциялық жұмыстарымызды таныстырдық. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көптеген пайдалы мәліметтер алып, өзара тәжірибе алмасты деп ойлаймын. Олар алдағы уақытта да бізден кеңес алып, аграрлық құзыреттерін арттыруға ниетті екенін білдірді. Мұндай өзара тәжірибе алмасудың пайдасы зор. 

Шығыс Қазақстан облысында халықаралық форумның өткізілуі өңірдің аграрлық саладағы әлеуеті жоғары екендігін көрсетті. Мұндай басқосулар ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға және тың жобаларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. 

Салтанат Кеңесбекқызы