Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы шығармашылық маусымды қорытындылады. Осыған орай өскеменде төрт күн бойы ашық аспан астында концерттер топтамасы ұсынылды. Мәдени шара барысында түрлі жанрдағы музыкалық шығармалар орындалып, өнер ұжымдарының есептік бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылды.
Төрт күнге созылған музыкалық марафон әр кеш сайын көрерменге ерекше әсер сыйлады. Алғашқы күні сахнаны джаз әуендері тербесе, «Big Band» оркестрінің орындауындағы шығармалар қала кешіне өзгеше реңк берді. Ал келесі күні ұлттық өнердің үні асқақтап, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі «Сырлы әуен» бағдарламасымен көрермен ықыласына бөленді. Күй мен сазға толы кеште қазақ музыкасының інжу-маржаны орындалды.
Шалқар Рысханов, Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері:
Үлкен концерттік маусым оркесторымыз үшін табысты болды деп айта аламыз. Былтыр Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған шаралардан бастап, Республика күні бар және оркесторымыздың негізін қалаған, кезіндегі бас дирижер Тұрсынқазы ағамызды еске алуға арналған кеші сынды үлкен шаралар көрерменге ұсынылды. Биыл да соны жалғастырып бүгінгі жабылу концертімен аяқтағалы отырмыз. Біздің концертіміздің ерекшелігі классикалық академиялық тұрғыда болса. Біз қазір еркін тақырыпта заманауи авторлардың және әлемдік классиканың шығармаларын қосып отырмыз. Жергілікті сазгерлердің біз ұсынбақпыз.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай форматтағы концерттер өнердің жаңа жанкүйерлерін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан бұл жоба тек шығармашылық маусымның қорытындысы ғана емес, көрермен мен өнер арасындағы байланысты нығайтудың тиімді алаңына айналған.
Нұргүл Қабдоллаева, Мәдениет саласының үздігі:
Көптеген ауылдарды, қараларды аралап керемет концерттерді беріп, халыққа маусымның жабылуы, қортынды концертімізді тарту етейік деп жатырмыз. Көрермендердің жүректінен жақсы орын алады деген ойдамын. Қырғыздың әні жангур төкту деген әнді халыққа тарту етпекпін. Ол халыққа кең таралған әндердің бірі. Құдай қаласа осы әнді халыққа арнамақпын.
Өнер кешіне жиналған жұрттың қарасы қалың. Көрермендер мұндай концерттерді қала өмірін жандандыратын маңызды мәдени бастама деп бағалайды. Тіпті олардың арасында шетелден келген қонақтар да бар. Бұл өз кезегінде өңірдің мәдени әлеуетіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Руфина Кадиева, қала тұрғыны:
Бәрі жоғары деңгейде өтті. Орындаушылар дауысы да, оркестр де керемет әсер қалдырды. Оранжировкасы мен дыбысталуы ерекше. Концерт ұнады, келгенімізге өкінбедік.
Юлия Дворянинова,(Стамбұл қ.):
Мен бұған дейін де филармония концерттеріне жиі келетінмін. Бүгін ашық аспан астындағы ерекше кешті тамашалауға арнайы келдім. Қаланың әсем көрінісі, жарықтандыруы өте әсерлі.
Осылайша, облыстық филармония ұжымы кезекті шығармашылық маусымды табысты қорытындылады. Жаз айларында өнерпаздар қысқа мерзімді демалысқа шыққанымен, жаңа маусымға дайындық жұмыстары жалғасады.
Нұртас Қайролдаев