Облыс орталығында «OSKEMEN LIFE» жазғы фестивалі өтті. Мерекелік шара аясында шығармашылық, спорттық және ойын-сауық алаңдары ұйымдастырылды. Қала тұрғындары қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін, суретшілер көрмесін тамашалап, түрлі ойындарға, шеберлік сағаттарына қатысты.
Қала тұрғындары жазғы көңіл-күйді сезініп, демалыс күнін қызықты өткізу үшін фестиваль алаңына жиналды. Облыс орталығында ірі мегаполистерге тән ерекше мерекелік атмосфера қалыптасты. Шараны ұйымдастыру барысында тұрғындар мен қала қонақтарына барынша қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.
Ануар Ахметқалиев, Өскемен қ. Креативті индустрияны дамыту орталығы директорының орынбасары:
Түскі уақыттан бастап парк ішінде, қаланың әрбір нүктесінде аквагрим жұмыс істей бастады. Сауда жүре бастады. Бұл жерде ЖКХ, акиматтың қолдауымен гирляндалар күн батқан кезде көрінетін болады. «Звездное небо» эффектсін жасайтын боламыз. Бұл қысқа дейін қалатын болды. Бұл сый десек болады, акиматтың атынан.
Фестиваль аясында тұрғындар үшін түрлі шығармашылық алаң әзірленді. Мұнда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, суретшілер көрмесі мен фотозоналар қойылған. Сонымен қатар, шеберлік сағаттары мен демалыс аймақтары ұйымдастырылды.
Ольга Пименова, қолөнер шебері:
Менің ұсынатын бұйымдарым белгілі бір жас санатына арналған. Келушілердің көбі «сатуар» деген атаудың өзін алғаш рет естіп жатыр. Бұл – өте ұзын әрі әртүрлі тәсілмен тағуға болатын әмбебап әшекей. Сұраныс жоғары.
Шараны ұйымдастыруға еріктілер де белсенді атсалысты. Олар қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіп, фестиваль қатысушылары үшін жайлы орта қалыптастыруға көмектесті.
Тұмар Уатқанова, Өскемен қ. Жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы:
Қаламыздың орталығы А.Чехов және М.Горкий көшелерінің қиылысында қала тұрғындарына қызықты шоулар, тақырыптық граффити, тегін фотозоналар ұйымдастырылған. Ең бастысы – отбасымен, достармен бірдей толыққанды қызықты шаралар ұйымдастырылуда.
Қала тұрғындары мен қонақтары фестивальден жарқын әсер алып, көтеріңкі көңіл-күймен қайтқанын айтады. Олардың пікірінше, мұндай шаралар бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
«OSKEMEN LIFE» фестивалі қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұйымдастырушылар мұндай ауқымды шараларды дәстүрге айналдырып, алдағы уақытта да өткізуді жоспарлап отыр.
Фатима Тілейханқызы