Облыс орталығында әлемге танымал спорт түрі саналатын дзюдодан ерлер және әйелдер арасында жарыс өтті. Жалауын көтерген бұл додаға аймақтың бірнеше аудан қалаларынан балуандар келді. Белді бұрымдылар мен жүректі жігіттер өз ара кіл мықтыны анықтап, бапкерлерінің абыройын асқақтатып қайтты.
Жарыс барысында спортшылар өздерінің техникалық шеберлігін, тактикалық дайындығын және физикалық мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетті. Бірі қарсыласын әдемі әдіспен ұтып жатса, енді бірі соңғы секундтарға дейін күресіп, мінез танытты. Жарыста бақ сынаған балғын балуандар ертең еліміздің көк туын халықаралық ареналарда желбірететін саңлақтарға айналуы әбден мүмкін дейді бапкерлер.
Жасұлан Мұхамедханов, Шығыс Қазақстан облысының дзюдо күресінен аға жаттықтырушы:
Бүгінгі шарамыз біздің облыстық іріктеу чемпионаты өтіп жатыр ерлер мен әйелдер арасында. Осыдан бірнші екінші орын алған спортшылармыз орал қаласында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алады. Бұл жарысқа екі қала үш ауданнан спортшылар қатысып жатыр.
Байрақты бәсеке жеті салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылып, әр салмақта өз саласының үздіктері анықталды. Жарысқа аймақтың қала-аудандарынан келген тәжірибелі де талантты спортшылар қатысып, татамиде өзара мықтыны анықтады.
Нұрсая Шәріпханова, жарыс жеңімпазы:
Мен осы 57 кг салмақ дәрежесінде чемпион атандым. Осы жарыс өте күшті деңгейде өтті деп ойлаймын, алдағы болатын ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикалық чемпионатына жолдама алдым. Осы жарысқа көп дайындалдым осының алдында Республикалық турнирлардан орын алғанмын.
Жас балуандардың жігерін жанып, рухын көтерген бұл жарысқа ел спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі спорт ардагерлері мен сала мамандары да арнайы келіп қатысты. Олар жас өрендерге қолдау білдіріп қана қоймай, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізіп, жеңіске жетудің жолы табандылық пен тынымсыз еңбекте екенін атап өтті. Солардың қатарында спорт сүйер қауымға кеңінен танымал, қазақ күресінен әлем чемпионы және Азия чемпионы Барқытбелдің Баһадүрі атанған Мақсат Мәзібаев та құрметті қонақ ретінде төрден табылды.
Мақсат Мәзібаев, Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
Шығыс Қазақстанның дзюдосына келетін болсақ жаңа қарқынды деңгейде дамып келе жатыр, жастарымыз жақсы. Биылғы 2026 жылдың өзінде бір қызымыз Азия кубогін ұтты Абиханова Айдана және төрт спортшымыз азия кубогінде жүлдегер атанып келді.
Әр белдесуде жігер мен шеберлік сынға түсіп, үздіктер өз мықтылықтарын дәлелдей білді. Нәтижесінде 20-дан астам ұл-қызымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, өңір намысын республикалық додада қорғау мүмкіндігіне ие болды. Енді олар тамыз айында Оралда өтетін Қазақстан чемпионатында шығыстың абыройын асқақтатып, туған өлкенің үмітін арқалап татамиге шығады.
Нұрдәулет Қалибеков