Шемонаиха қаласындағы «Шығыс» алаңында аудан күніне арналған ауқымды мерекелік шара өтті. Биылғы айтулы мереке қазіргі Шемонаиха аумағындағы алғашқы қоныстың құрылғанына 260 жыл және қала мәртебесінің берілгеніне 65 жыл толуымен ерекшеленді.

 «Туған жерге туыңды тік» дегендей, бұл күн аудан тұрғындары үшін туған өлкенің өткені мен бүгініне тағзым жасап, болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік берген тағылымды мерекеге айналды. Ел мен жердің тарихын ұлықтаған шараға жүздеген тұрғын мен қонақ қатысты.

Жәния Қалиева, аудан тұрғыны: 

Осы Шемонаихаға көшіп келгеніме 9 жыл болды Самар ауданынан осы Дом дружбада өлең айтқаныма 4-5 жыл болды. Енді біз дом дружбада Асыл әжелер группасында қандай мереке болады осы Шемонайхада өнер көрсетеміз өлең айтамыз. Сол бүгін барлығы жиналып жатқанына қуаныштымыз Шемонаихамыздың құралғанына 65 жыл. 

Сондай-ақ, өлкенің шежіресі мен жетістіктері кеңінен насихаттайтын «Шемонаиха – тарихы терең өлке» көрмесі көптің көңілінен шықты. Ал «Инновация және цифрлық даму» робототехника көрмесі жастардың жаңашыл идеялары мен техникалық мүмкіндіктерін таныстырса, «Тау-кен металлургия кешені» даму және келешегі» көрмесі өңір экономикасының негізгі тірегі саналатын өндіріс саласының әлеуетін көрсетті.

Әлихан Әбілмажин, жас өнертапқыш: 

Міне осы жасаған дүниеміз біз 3д принтерден әртүрлі дүниелер жасаймыз. Көзілдірігіміз 50 метр арақашықтықты көрсе пиқылдай бастайды, немесе дызылдай бастайды екі очкиіміз бар. Брелок органайзер соларды алып келдік. 

Мерекелік бағдарлама аясында бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. Абай атындағы саябақта өткен «Шемонаиха – Шығыстың шырайлы мекені» атты концерттік бағдарлама көрермен көңілін көтеріп, ұлттық рухты асқақтатты. Әсіресе, келушілердің көңілінен шыққан кітап көрмесі халықтың назарын ерекше аудартты. Мұнда жергілікті жазушылардың туындылары мен өзге де тарихи шежірелер жинағы қойылған.

Ләззат Ерманова, Шемонаиха аудандық кітапханасының қызметкері: 

Бүгін бізде 65 жылдық Шемонаиханың мерекесіне орай кітап көрмесін алып келдік. Кітап көрмеде бізде жергілікті жазушыларымыздың кітаптары соны атап өткенде Иванов өзіміздің жергілікті жазушымыз. Сонымен қатар көптеген жазушларымыздың кітаптары бар бұл жерде. Кітапханаға келіп кітап алып оқысаңыздар болады. 

Бұдан бөлек, аудан әкімі де салтанатты жиында барша жерлестері мен аудан қонақтарын мерейтоймен құттықтады. Құрылғанына екі ғасырдан астам уақыт болған бұл тарихи мекеннің тереңде жатқан тамырына көз жүгірткен ол, келушілерге өз ықыласын білдірді.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі: 

Жалпы біздің ауданымыздың ең бірінші тарихи документтерде ескерткіш болған 260 жыл болып отыр. 2028 жылы біздің ауданымызға 100 жыл толады ресми түрде. Қазір 260 жылды бей ресми түрде тойлап отырмыз. Бүгін қаламыздың ең басты алаңында көптеген аудан қаланың халқы жиналды бүгін. Керемет концерт өтіп отыр. 

 «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халық даналығы бұл күні ерекше сезілді. Түрлі буын өкілдері бір алаңда бас қосып, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін паш етті.